Астанада таеквондодан Алтай Одағы чемпионатының ашылу салтанаты өтті
Ашылу рәсімінде World Taekwondo Demo Team арнайы өнер көрсетіп, көрермендерге әсерлі бағдарлама ұсынды.
Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы спорт кешенінде таеквондодан Алтай Одағы чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараға Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, World Taekwondo президенті Чунгвон Чоу, Қазақстан таеквондо (WT) федерациясының президенті Кудрәт Шамиев, халықаралық спорт ұйымдарының өкілдері мен жанкүйерлер қатысты.
Салтанатты жиында Ербол Мырзабосынов чемпионаттың елордада өтуі Қазақстандағы таеквондо спортының дамуына тың серпін беретінін атап өтті. Оның айтуынша, турнир халықаралық ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, жас спортшылар үшін тәжірибе алмасудың маңызды алаңына айналады.
Өз кезегінде Чунгвон Чоу Алтай Одағы чемпионатының тарихи маңызын ерекше атап өтті. Оның сөзінше, бұл бастама спорт арқылы елдерді жақындастырып, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Қазақстан таеквондо федерациясының президенті Кудрәт Шамиев чемпионаттың алғаш рет Қазақстанда өтуі отандық таеквондо үшін маңызды оқиға екенін айтты. Ол жарыс спортшыларға халықаралық деңгейде тәжірибе жинауға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Ашылу рәсімінде World Taekwondo Demo Team арнайы өнер көрсетіп, көрермендерге әсерлі бағдарлама ұсынды.
Сонымен қатар жиын барысында таеквондо спортына арналған толықметражды көркем фильмнің тизері таныстырылды. Қазақстан таеквондо федерациясының қолдауымен түсірілген фильм Қазақстан мен Кореяда таспаланған. Кинотуынды көрерменге қазан айында жол тартпақ.
Айта кетейік, 22–23 маусым күндері Астанада алғаш рет таеквондодан Алтай Одағы чемпионаты өтуде. Дүниежүзілік таеквондо федерациясының ресми күнтізбесіне енген халықаралық турнирге Әзербайжан, Қырғызстан, Моңғолия, Корея Республикасы, Ресей, Түркия, Өзбекстан және Қазақстан құрамалары қатысуда.