Кеше 2026, 21:50 Фото: istockphoto.com

Астанада суға батып кете жаздаған ер адам құтқарылды

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Бүгін Есіл өзенінің акваториясын патрульдеу барысында елордалық құтқарушылар суда қауіпті жағдайға тап болған ер адамды байқап, жедел көмек көрсетті.

ТЖМ құтқарушылары Байбұлан Секербаев пен Ерлан Тілеубаев Marlin жылдам жүретін құтқару қайығымен шамамен 5 шақырым қашықтықты небәрі 3 минутта еңсеріп, құтқару шеңберінің көмегімен азаматты судан алып шықты. Кейін ол жағаға жеткізілді.

Құтқарылған азамат – 1992 жылы туған ер адам. Ол полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Оған қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес әкімшілік шаралар қабылданады.

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Мамандар рұқсат етілмеген жерлерде шомылмауға, мас күйде суға түспеуге және тек арнайы жабдықталған жағажайларда демалуға кеңес береді.

Құтқарушылардың жедел әрі кәсіби әрекетінің арқасында кезекті қайғылы оқиғаның алдын алу мүмкін болды.