Астанада су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде
Астана, BAQ.KZ. Қала әкімдігі 2019 жылы Астана аумағында тасқын суды ұйымдасқан түрде өткізу бойынша кешенді жоспарды бекітті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Қаланың барлық тұрғын алаптары ескерілді. Нақтырақ айтқанда, Ильинка, Өндіріс, Көктал, Железнодорожный, Пригородный және Оңтүстік-Шығыс аудандары, «Нұрлы Жол» теміржол вокзалы, Н. Назарбаев атындағы Халықаралық әуежай мен газ аппаратурасы зауыты аумақтарына ерекше назар аударылды», - делінген Астана қаласы ТЖ департаментінің хабарламасында.
Осы аудандарда су тасқынына қарсы инженерлік жұмыстар жүргізілуде. Кіші Талдыкөл көлі ауданында, Өндіріс тұрғын алабы ауданының Сарыбұлақ өзенінің жанындағы дамбалар нығайтылып, Майбалық көлінен Нұра-Есіл каналына дейін жұмыс істеп тұрған арнаны тазалау жұмыстары жүргізілуде. Азаматтық қорғаныс қызметтері мен аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар берілді.
Ағымдағы қыс мезгілінде шығарылған қар көлемі 2,28 млн текше метрді құрады.
«Әлеуметтік маңызы бар нысандардың аумақтарына (мектепке дейінгі, мектеп және медициналық мекемелер, ЖОО), тұрғын үй алаптары мен құрылыс алаңдарына ерекше көңіл бөлінді», - делінген хабарламада.