Астанада «Су ізі: әр адамның жауапты таңдауы» атты экологиялық сағат өтті
Швейцария елшісі мен Су ресурстары және ирригация вице-министрі Астана оқушыларына су үнемдеу тақырыбында экосағат өткізді.
Астана қаласындағы Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейінде «Су ізі: әр адамның жауапты таңдауы» тақырыбында экологиялық сағат өтті. Іс-шараға Швейцарияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Кристина Хонеггер мен Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов қатысты.
Экологиялық сағатты Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Суды үнемде – болашақты сақта!» бастамасы мен «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ ұйымдастырды.
Қонақтар мектеп аумағындағы интерактивті білім беру бағытымен танысты. Атап айтқанда, мектеп жылыжайын аралап, оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымының бастамаларымен және су ресурстарын қорғауға арналған шығармашылық жұмыстарымен танысты.
Экологиялық сағатта Швейцарияның Қазақстандағы елшісі Кристина Хонеггер «Су ізі: суды жауапты тұтыну және экологиялық мәдениет» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар оқушылар елші мен вице-министрге су үнемдеу, экологиялық білім беру және табиғатты қорғау бастамаларына қатысу мүмкіндіктері туралы сұрақтар қойды.
«Су ресурстарын сақтау – мемлекет, қоғам және әрбір азамат үшін ортақ міндет. Суға ұқыпты қарау мәдениетін мектеп қабырғасынан бастап қалыптастыру маңызды. Мұндай кездесулер балалар мен жастарды экологиялық бастамаларды жүзеге асыруға тартуға ықпал етеді», - деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов.
Айта кетейік, «Суды үнемде – болашақты сақта!» жобасы жүзеге асырыла бастағаннан бері оған еліміз бойынша 3,3 миллионнан астам мектеп оқушысы мен 35 мың студент қатысты.