Астанада студенттер арасында стритбол турнирі өтті
“Esirtkisiz Elorda” жобасы мен “Заң және тәртіп” акциясы аясында өткен стритбол турнирін Астана қаласы әкімдігінің “Астана жастары” жастар ресурстық орталығы Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін стритбол, яғни көше спортынан финалдық ойындар өтіп жатыр. Бұған дейін Астанадағы 20 университеттің қатысуымен іріктеу турнирлары өтті. Сол ойындардан төрт университет жартылай финалға жолдама алды. Ол Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Мақсұт Нәрікбаев университеті, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті және алаң иелері Назарбаев университеті командалары, - деді Астана қаласы Жастар ресурстық орталығының Жастармен тәрбие жұмысы және құқықбұзушылықтың алдын алу бөлімінің басшысы Арайлым Сапарәлі.
Ұйымдастырушының айтуынша, іс-шараның мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, жастар арасында командалық рухты қалыптастыру, студенттердің бос уақыттарын тиімді пайдаланып, дұрыс емес жолға түсіп кетпеуіне, сол арқылы нашақорлықтың алдын алуға сеп тигізу.
Астана қаласы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Профилактика бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Әлия Қибатқызы есірткіге қарсы профилактикалық шаралар қала бойынша үнемі жүргізіліп тұратынын айтты.
Біз нашақорлықтың алдын алу бойынша профилактикалық іс-шараларды мектеп оқушылары, колледж студенттері, қала тұрғындары арасында өткіземіз. Ол акциялар, дәрістер, сондай-ақ осындай спорттық іс-шаралар болуы мүмкін. Бүгінгі “Есірткісіз елорда” жобасы аясында алғаш рет өткізіліп отырған стритбол жарысы арқылы жоғары оқу орындарының студенттерін қамту басты мақсатымыз болды. Мұндай бастамалар жастардың өз күшті жақтарын ашып, жақсырақ болуға ұмтылуына ықпал етеді деп сенемін, - деді ол.
Финалдық кезеңге Астана қаласының жетекші жоғары оқуорындарынан 4 үздік студенттік команданы қолдауға 800-ге жуық көрермен, оның ішінде студенттік фан-топтар менжастар ұйымдары қатысты. Сондай-ақ командаларды қолдауға Астана қаласы мәслихатының депутаты Динара Оразалина отбасымен келді.
Турнир маған үлкен әсер қалдырды. Мұнда таланты мол, энергиясы жоғары көптеген студенттер жиналды. Олардың ойынға деген шынайы ынтасы мен спорттық жігері айқын сезіледі. Мұндай шаралар тек дене мәдениетін дамытып қана қоймай, адалдық, қарсыласқа құрмет және командамен жұмыс істей білу сияқты маңызды құндылықтарды қалыптастырады. Бұл – спорттың жастарға салауатты және белсенді өмір салтын таңдауға көмектесетінінің жарқын үлгісі. Мұндағы атмосфера өте жылы, достыққа толы, нағыз бірлікті сезінуге болады, - деді депутат.
Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, 2-орынды Назарбаев университеті, 3-орынды Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті командасы жеңіп алды.