Астанада спортшылар жалпықалалық сенбілікке атсалысты

Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Нұра ауданының әкімдігі бірлесіп, Хан-Шатыр маңына ағаш отырғызды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ағаш отырғызуға шорт-тректен Қысқы Олимпиаданың қатысушысы, ел тарихындағы әлем кубогының бірінші жеңімпазы Абзал Әжіғалиев, шорт-тректен қысқы Универсиаданың күміс жүлдегері Малика Ермек, қазақстандық футболшы, Қазақстан Медиа футбол федерациясының тұңғыш президенті Дидар Сыдыбек болды. Сонымен қатар, күні кеше елорда төрінде өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпиондары мен елшілері де қатысты.

«Өзім Орал қаласының тумасымын. Туған жерім жап-жасыл әрі ағаштарға бай. Тұрақты түрде сенбілікке қатысып, экологияның таза болуына үлес қосатын едім. Ал 2018 жылы Астана қаласына көшіп келдім. Еліміздің астанасы да ағаштарға бай, әсемдігімен ерекшеленсе деймін. Сондықтан бүгінгі сенбілік пен «Таза Қазақстан» акциясының бір мүшесі болғаныма өте қуаныштымын», – деді шорт-тректен Қысқы Олимпиаданың қатысушысы Абзал Әжіғалиев.

Экологиялық акция барысында бес ауданда 2 мыңнан астам жасыл желек, ал Хан-Шатыр маңында емен, қайың, қарағай сынды 100-ден астам көшет отырғызылды.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында құсбегіліктен ел тарихында тұңғыш алтынды иелендім. 2018 жылы Қырғызстан еліндегі додада қола жүлдегер атанған болатын. Алайда Астана қаласында шара ұйымдастыру деңгейінің жоғарлылығымен ерекшелене білді. Жалпықалалық сенбілікке қатысу бала кезден қалыптасқан. Осындай шаралар арқылы бойға жақсы әдеттер қалыптасып, өзгелерге үлгі боламыз, - деп 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Астана қаласының елшісі әрі чемпионы Ертуған Серікбек ойымен бөлісті.

Сондай-ақ, Астана қаласында жақында ғана аяқталған 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қала құрамасы 18 медаль жеңіп алған (8 алтын, 4 күміс, 6 қола) еді.

Естеріңізге сала кетейік, елордада Taza Astana жаңа әлеуметтік жобасы өтіп жатыр. Жоба құқықтық тәртіп, абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалау, көппәтерлі тұрғын үйлердің, үй жанындағы, кварталішілік және аула аумақтарының кірме жолдарының тазалығы мәселелері бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге бағытталған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы