Астанада спортшылар арнаулы медицина орталықтарында тексеріледі

Елорда әкімі Алтай Көлгінов қала жастарымен және спорт өкілдерімен кездесті. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жастармен және спорт өкілдерімен кездестім. Еркін микрофон форматында өткен жиында ниет білдірген кез келген адам сұрақтарын қойды. Мысалға олардың қатарында тұрғын үй бағдарламаларына қатысу, білім саласында түрлі оқыту жобаларын енгізу, спорт орталықтарын ашу, жас спортшыларды қолдау және тағы басқалары бар, - деп жазды Алтай Көлгінов.

Қала әкімі мұндай кездесулер қиындықтарды тиімді әрі жылдам шешуге, проблемаларды назарда ұстауға мүмкіндік беретінін айта кетті.

Мәселен осыған дейін жаттықтырушылар мен спортшыларға жеке медициналық мекеме бөлу туралы проблема көтерілді. Себебі олар кәсіби тексеруді өзге пациенттермен қатар өтіп, бірге емделетін. Ал бұл спортшылардың дайындық сапасы мен сауықтыру процесіне кері әсер етеді. Осы мәселені бірлесе талқылағаннан кейін спортшыларға арналған арнаулы медициналық орталық (А-82 көшесіндегі «Нұрлы жол» теміржол вокзалының жанында) ашылды. Сол сияқты бокс, жекпе-жек өнері орталықтары, жекпе-жек залы және тағы басқалары ашылып, «Толқын» спорт кешені мен «Жастар» сарайында жөндеу жұмысы жүргізілді, - деді елорда әкімі.

Алтай Көлгіновтың айтуынша, «Қазақстан» спорт кешенінде қайта жөндеу және жаңғырту жұмысы жүріп жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы