Астанада соққы алған 7 жасар қыз ауруханаға түсті
Астанада соққы алған 7 жасар қыз ауруханаға түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Астана қаласы Білім басқармасының мәліметінше, 23 қараша үйде жүйелі түрде ұрып-соғу салдарынан ауруханаға 7 жасар қыз келіп түскен. Баланың денесінде соққы іздерін тапқан мұғалімдер дереу кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекцияға жүгініп, факті тіркеуге алынған. Кішкентай бүлдіршін ауруханада қалуға ниет білдірді. Бүгінде оған психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.
Айта кетейік, бұл оқиға Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің аса бақылауына алынды. Мемлекеттік органдармен бірлесіп жағдайдың егжей-тегжейі, сондай-ақ отбасының әлеуметтік жағдайы мен микроклиматы зерделенеді.
Осыған ұқсас фактілер біздің қоғамдық ұстанымымыздың маңыздылығын тағы бір мәрте еске салады. Егер сіз балаларға қатысты қатыгездіктің куәсі болсаңыз, кез келген уақытта «111» нөмірі бойынша немесе «Бала қорғау» чатына хабарласа аласыз. Балалардың өмірі мен қауіпсіздігі біздің қолымызда екенін есте ұстаған жөн!