Астанада скринингтен өту бойынша пилоттық бағдарлама жүріп жатыр

Астана қаласында В және С вирустық гепатиттеріне (10 000 адам) 18 жастан асқан адамдарды скринингтен өткізу бойынша пилоттық бағдарлама жүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бұл жобаның бастамашысы – ауруларды талдау орталығының қоры (CDAF). Ұлттық ғылыми онкология орталығы Қазақстан Республикасында үйлестіруші болып саналады.

Жұмыс тобы – 18 жастан асқан 10 000 адам – МӘМС қатысушысы (әрбір емханада 2000 адамнан тест тапсырады). Жоба 3 айға есептелген.

Қазіргі уақытта жобаға қатысушылар анықталды: Астана қаласы 5 МСАК ұйымы (қалалық емханалар №4, 5, 7, 9, 10). Әрбір емханада пилоттық жобаға қатысушының бағыты әзірленді.

Бағдарлама келесі алгоритм бойынша жүзеге асырылады:

• Тексеруге шақыру;

• Тіркеу;

• HCV/HBsAg жылдам сынақтар;

• ПТР қан алу / ақпарат жинау;

• Қан сынағы;

• Зертханалық зерттеулердің нәтижелерін түсіндіру, емдеу және динамикалық бақылау;

• Қорытындылау.

Көптеген жағдайда пациент айналасындағыларға қауіп төндіретінін біле бермейді, өйткені басым көпшілігінде жедел вирустық С гепатиті асимптоматикалық түрде жүреді, ал созылмалы гепатитпен ауыратын науқастар көптеген жылдар бойы өздерін сау сезінеді.

ДДСҰ мәліметі бойынша, бүкіл әлемде шамамен 150-170 миллион адам созылмалы С гепатитімен ауырады. Адамдардың шамамен 10-15%-ы ауру бауыр циррозына және қатерлі ісікке айналады.

Жыл сайын бауыр циррозынан және С гепатитімен байланысты қатерлі ісіктен шамамен 350-500 мың адам қайтыс болады.

Ауруды сәтті емдеудің негізгі факторы – оны ерте диагностикалау. Заманауи фармакологиялық препараттарды қолдану арқылы С гепатитімен ауыратын науқастардың 95%-дан астамы толық қалпына келеді.

Сондықтан бүгінгі күні осы скринингтік тексерудің көмегімен ауруды уақытылы анықтау, асқынулардың дамуын болдырмау, оңтайлы емдеуді таңдау және алдын алу шараларының кешенін тағайындау маңызды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі пилоттық жоба 20 ақпаннан басталғанын және кейіннен бағдарламаны іске асыру ұлттық деңгейде болжанатынын хабарлады.

Скрининг туралы толығырақ ақпаратты елорда тұрғындары жоғарыда аталған жобаға қатысушы емханалардан біле алады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы