Астанада Сирия мәселесі талқыланады

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров апталық баспасөз мәслихаты барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, Астанада Сирия бойынша халықаралық кездесу өтеді. 

Биыл 22-23 қарашада Астана қаласында Астана форматында Сирия бойынша жоғары деңгейдегі кезекті 19-шы халықаралық кездесу өтеді. Келіссөздерге кепілгер елдер – Иран, Ресей және Түркия делегациялары, сондай-ақ Сирияның үкіметі мен қарулы оппозициясының өкілдері қатысады. Байқаушы ретінде БҰҰ, Иордания, Ирак пен Ливан өкілдерінің қатысуы күтілуде, - деп атап өтті ведомствоның ресми өкілі. 

Белгілі болғандай, келіссөздердің күн тәртібі бірнеше мәселелерді қамтиды. 

Сириядағы жағдай, оның ішінде гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық ахуал; саяси процесті кешенді ілгерілету; сенім шаралары, оның ішінде кепілге алынғандарды босату және із-түссіз жоғалғандарды іздеу; БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2642 қарарына сәйкес Сирияны қайта қалпына келтіру және сириялық босқындарды отанына қайтару үшін жағдай жасау мақсатында халықаралық қауымдастықтың күш-жігерін жұмылдыру талқыланады, - деді Айбек Смадияров. 

Сондай-ақ бірінші күні кепілгер елдер Иран, Ресей және Түркияның екіжақты және үшжақты консультациялары, Сирия Араб Республикасының Үкіметі мен қарулы сириялық оппозиция арасындағы келіссөздер, байқаушы тараптардың делегацияларымен кездесулер ұйымдастырылады. 

Екінші күні консультацияларды жалғастыру, жалпы отырыс және баспасөз конференциясы жоспарлануда. Бұдан басқа келіссөздер шеңберінде кепілгер елдердің, БҰҰ және Халықаралық қызыл крест комитетінің қатысуымен мәжбүрлеп ұсталып отырған тұлғалар бойынша Жұмыс тобының отырысы күтіліп отыр, - деді ресми өкіл. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы