Астанада шомылу маусымы басталды: ТЖД тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін ескертті
Тұрғындар мен қала қонақтары үшін шомылуға арналған бес ресми орын белгіленген.
Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті шомылу маусымының басталуына байланысты су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын күшейтті. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Қазіргі уақытта құтқарушылар күн сайын Есіл өзенінде патрульдеу жүргізіп, қауіпті учаскелерде үш мобильді құтқару бекеті жұмыс істеп тұр.
Тұрғындар мен қала қонақтары үшін шомылуға арналған бес ресми орын белгіленген. Ал жабдықталмаған және қауіпті аймақтарға тыйым салу белгілері орнатылған.
Астана қаласы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Бауыржан Ахметалиннің айтуынша, судағы жазатайым оқиғалардың басым бөлігі рұқсат етілмеген орындарда тіркеледі. Осыған байланысты мамандар азаматтарды тек арнайы жабдықталған жағажайларда демалуға, балаларды қараусыз қалдырмауға және мас күйінде суға түспеуге шақырады.
Су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Өткен шомылу маусымында жүргізілген рейдтер барысында ТЖД қызметкерлері 176 әкімшілік хаттама толтырған.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға және өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға үндеді.