Астанада шөбересін зорлаған 82 жастағы ер адам 20 жылға сотталды
Астана қаласының соты 82 жастағы ер адамды жеті жастағы шөбересіне қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасағаны үшін 20 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі "Жетінші арнаға" сілтеме жасап.
Қылмыс отбасылық үйде болған
Сот барысында анықталғандай, қылмыс отбасылық үйде, қыз баланың жеті жасқа толған туған күнін атап өту үшін туыстары жиналған күні жасалған. Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктіні қылмыс үстінде оның жақын туыстары байқап қалып, бірден құқық қорғау органдарына хабар берген.
Анасы "Немолчи" қорына сол түні жүгінген
Белгілі болғандай, баланың анасы оқиғадан кейін сол түні, яғни 2025 жылғы 5 сәуірден 6 сәуірге қараған түні "Немолчи" қорына жүгінген. Сол сәтте ол қызын сот-медициналық сараптамадан өткізу үшін алып бара жатқан.
Күдікті қашып кетуге әрекет жасаған
Қор мәліметінше, ер адам өз әрекетінің қылмыстық сипатын толық түсінген. Туыстары оны қылмыс орнында ұстағаннан кейін, күдікті қашып кетуге әрекет жасап, шамамен бір тәулік бойы ізін жасыруға тырысқан. Кейін ол полиция қызметкерлері тарапынан ұсталды.
Кінәсі сараптамалармен дәлелденді
Сот отырысы барысында оқиға куәгерлерінің айғақтары тыңдалып, олар болған жайттың мән-жайын толық растады. Сонымен қатар айыпталушының кінәсі бірқатар сараптамалардың, оның ішінде генетикалық зерттеулердің нәтижелерімен дәлелденді.
Жәбірленуші тарап үкіммен келісті
Жәбірленуші тараптың адвокаты Азамат Сағал сот тағайындаған жазаның заңды әрі негізді екенін мәлімдеді.
Айыпталушыға 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленуші тарап сот үкімімен толық келіседі және оны заңды әрі негізді деп санайды. Материалдық немесе моральдық өтемақы өндіру туралы талаптар қойылған жоқ, – деді адвокат.
Үкім заңды күшіне енген жоқ
Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.