Астанада Шахмат Олимпиадасының алауы жағылды

Астанада Рапид және блиц бойынша командалық әлем чемпионаты ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Есілдің жағасындағы амфитеатрда салтанатты түрде ашылған турнирге қатысуға әлемнің көп дүркін чемпиондары және ерлер мен әйелдер рейтингтің бірінші нөмір иелері Магнус Карлсен мен Хоу Ифань, қазіргі әлем чемпиондары Цзюй Вэньцзюнь мен Дин Лижэнь келді.

Чемпионаттың ашылуы алдында Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) 100 жылдығына арналған 45-ші Шахмат олимпиадасының (Будапешт, 2024 жылғы 10–23 қыркүйек) салтанатты алау эстафетасы өтті. Қазақстанға Олимпиада алауы ФИДЕ ұйымының отаны – 20 шілдеде, Дүниежүзілік шахмат күні ұйымның мерейтойы атап өтілген және қазір XXXIII Жазғы Олимпиада ойындары өтіп жатқан Парижден келді. Салтанатты эстафетаны Қазақстан Республикасының премьер-министрі Олжас Бектенов ашып, ФИДЕ президенті Аркадий Дворковичтің қолынан Олимпиада алауын қабылдады.

Бүгінде шахмат – төрткүл дүниені мойындатқан интеллектуалды спорт түрі. Ғасырдан астам көне тарихы бар Халықаралық шахмат федерациясы бүгінде әлемнің 200-ден астам елін шаршы тақта бетінде тоғыстырған беделді әрі танымал ұйымға айналды. Бүгінде елімізде 200 мыңнан астам адам шахматпен шұғылданады. Қазақстан Президенті еліміздегі шахматты қолдау мен дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Олимпиада алауының Астана қаласында жағылуы – қазақстандықтар үшін зор мақтаныш. Осындай жоғары деңгейлі іс-шара өткізу Қазақстандағы шахмат спортының одан әрі дамуына елеулі үлес қосады деп сенемін, — деді Бектенов.

Барлығы чемпионатта 39 команданың құрамындағы әлемнің 315 үздік шахматшысы жарысады, соның ішінде демеушілеріне өкілдік ететін интернационалдық командалар немесе серіктестерінің қолдауымен ұлттық федерациялар құрған командалар қатысады.

Шахмат жарысының өзі елорданың Конгресс-орталығында өтеді. 2–4 тамызда рапидтен 12 раунд, 5 тамызда 2 кезеңмен блиц бойынша чемпионат өтеді. Рапидте де, блицте де «командаға қарсы команда» матчтары алты тақтада ойналады және оған міндетті түрде әйел және (рейтингі 2000-нан төмен) әуесқой ойыншы қосылады. Турнирдің жалпы жүлде қоры 350 000 еуроға тең. Әр санаттағы үздік үш команданың мүшелері кубоктар мен ақшалай сыйлыққа қоса алтын, күміс және қола медальдарға ие болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы