Астанада шабандоз арулар арасында конкурдан ашық біріншілік өтіп жатыр

Бүгін Астанада 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орай конкурдан қыздар арасында ашық біріншіліктің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елорда маңындағы «Арғымақ» ат-сауықтыру спорт кешенінде Астана, Қарағанды, Алматы қаларымен қатар Алматы облысынан келген 70-ке жуық шабандоз ару өзара сайысқа түсіп, үздіктерді анықтауда.

Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының президенті Ерлан Каналимов қалада бұл спорт түрі қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Сіздерді алдымен бүгінгі келіп жеткен көктемнің шуақты мерекесі - 8 наурыз халықаралық әйелдер күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Конкур қазаққа жат емес. Бұл да – арғымақтардың сайысы. Айтулы спорт түрі елімізде, соның ішінде елордада қарқынды қанат жайып келе жатыр. Өйткені бұл дода Астанада осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Жалпы мереке сайын жиі өтіп тұрады. Бүгінгі сайыста тек ең жүйрігі, ең мықтысы, ең лайықтысы жеңіске жетсін дегім келеді. Баршаңызға мың рақмет. Көктем мерексі құтты болсын, - деді ол.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген бұрымдылар сайыстың 6 бағдары бойынша сынға түсуде.

Мен бүгін қыздар арасындағы жарыста «Жастар санаты» бойынша кедергілердің биіктігі 100 см секіріп шықтым. Алдыңғы қатардан көрініп, бірінші орын алдым. Өте қуаныштымын. Өзім Астана қаласының спортшысымын, - деді Жастар санатының жеңімпазы Малика Серік.

Айта кетейік, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен және Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан ашық біріншіліктің жалпы жүлде қоры 6 млн теңгені құрайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы