Астанада «Сегіз жыл мезгілі» атты бірегей концерт өтпек
Астана, BAQ.KZ. «Астана Опера» Үлкен залының сахнасында 24 ақпан күні «Сегіз жыл мезгілі» атты бірегей концерт өтпек. Көпшілік назарына танымал туындылар: Антонио Вивальдидің «Жыл мезгілдері» топтамасы мен Астор Пьяццолланың «Буэнос-Айрестегі жыл мезгілдері» төрт танго-композициясы ұсынылмақ.
«Жылдың сегіз мезгілі» – бұл елорда тұрғындары мен қонақтарының жүрегінен орын алып үлгерген заманауи латын-америкалық музыка әрі джаз ырғақтарымен үйлесім тапқан классикалық музыкадан тұратын жоба. Қос композитор – Антонио Вивальди де, Астор Пьяццолла да өз дәуірінің кемеңгері әрі бейнесі болған. Егер Антонио Вивальди өмір кезеңін барокко стилінде айтса, Астор Пьяццолла мұны аргентинолық танго стилінде жеткізді.
«Жоба өте қызықты, оны бірнеше жыл бұрын маэстро Абзал Мұхитдинов жасаған. Осындай әлемдік классика жауһарларын Қазақстанда да, шетелде де қуана-қуана орындаймыз. А.Вивальдидің «Жыл мезгілдері» жарқын шығармасын тыңдамаған адамды білмейді екенмін. Осы туындының музыкасы балалық шағымыздан таныс, ол өте жеңіл, әдемі әрі үйлесімді. Балалық шақтағы естеліктерім әрдайым жадымда: демалыс күндері таңертең анам осы музыка жазылған пластинканы қосқан кезде мен қуана оянатын едім. А.Вивальдидің жауһар туындысын сол кездері атақты органшы Евгения Лисицына тамаша орындаған. Осы туындының әртүрлі аспаптарға, соның ішінде домбыраға да арналған көптеген өңдеулері бар», - деп атап өтті Бағдат Әбілханов.
А.Вивальдидің «Жыл мезгілдері» туындысы бағдарламалық музыканың асқар биігі болып табылады. Ұлы венециандықтың 550 шығармасының ішінен әлі күнге дейін ең жиі орындалатын осы «Көктем», «Жаз», «Күз», «Қыс» атты төрт концерт болып табылады. Бұдан бөлек, осы музыканы кинофильмдерден жиі естуге болады. XX ғасырдың 60-жылдарының соңында аргентиналық Астор Пьяццолла осы шығармаға ұқсас өзінің туындысын жазды. Оның «Буэнос-Айрестегі жыл мезгілдері» төрт танго-композиция жиынтығынан құралған. Ол «халықтық» тангоның қайталанбас тебірентер күш-қуатын толығымен сақтай отырып, оны асқақ өнерге, заманауи классикаға айналдыра білді.
«Астана Опера» Камералық оркестрі ҚР еңбек сіңірген қайраткері, маэстро Абзал Мұхитдиновтың жетекшілігімен өнер көрсетеді. Солистер – оркестр концертмейстері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов пен «Мәдениет қайраткері» Айсұлу Байкенова.