Астанада саябақтар мен гүлзарларда ауқымды рейдтер басталды
Рейдке Есіл ауданы әкімдігінің қызметкерлері, қалалық Полиция департаментінің өкілдері және қоғам белсенділері қатысты.
Астанада «Заң мен тәртіп» қағидаты мен республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында қоғамдық орындарда ауқымды профилактикалық рейдтер қолға алынды. Алғашқы шара Ботаникалық бақта өтіп, алдағы уақытта мұндай тексерулер елорданың барлық саябақтары, гүлзарлары мен басқа да қоғамдық орындарында тұрақты түрде жүргізіледі.
Рейдке Есіл ауданы әкімдігінің қызметкерлері, қалалық Полиция департаментінің өкілдері және қоғам белсенділері қатысты. Негізгі мақсат – абаттандыру қағидаларының сақталуын бақылау, заңсыз сауданың жолын кесу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету.
Сондай-ақ Ботаникалық бақ аумағында рұқсатсыз сауда жасауға және балаларға арналған электр көліктерін заңсыз жалға беру деректеріне ерекше назар аударылуда. Мамандар алдымен тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, Ботаникалық бақта қоқыс қалдыруға, пикник ұйымдастыруға болмайтынын ескертуде.
Есіл ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Алдауовтың айтуынша, талаптарды қайталап бұзған азаматтарға полиция әкімшілік шара қолданады.
Ал Астана қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері Ботаникалық бақ маңында 700-ден астам адам абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар 300-ден астам азамат белгіленбеген орындарда сауда жасағаны үшін әкімшілік жазаға тартылған.
Қала әкімдігі мұндай рейдтердің елорда аумағында күн сайын өткізілетінін және қоғамдық кеңістіктерде тәртіп пен тазалықты сақтау бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.