Астанада салынған "Келешек мектептер" саны рекордты көрсеткішке жетті

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан "Келешек мектеп" ұлттық жобасы елордадағы білім беру саласын дамытуда маңызды рөл атқарып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аталған жоба аясында Астана қаласында 2024-2025 жылдары екі ауысымда оқытуға арналған жалпы сыйымдылығы 84 800 оқушы орнын құрайтын 23 мектептің құрылысы аяқталды.

2024 жылы екі ауысымда 56 800 оқушыға арналған 16 заманауи жайлы мектептің құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл өз кезегінде қаладағы 6 мектепте үш ауысымды оқыту мәселесін толық шешуге, сондай-ақ 9 білім беру ұйымындағы оқушы тығыздығын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді.

Қазіргі таңда аталған мектептердің барлығында оқу үдерісі штаттық режимде жүргізілуде.

Биыл екі ауысымда 28 000 оқушы орнын қамтитын тағы 7 мектеп пайдалануға берілді.

Осының арқасында 2 мектептегі үш ауысымды оқыту толық жойылып, 7 мектептегі оқушы тығыздығы төмендейтін болады.

Салынған және салынып жатқан мектептердің басым бөлігі халық саны қарқынды өсіп келе жатқан Есіл және Нұра аудандарында орналасқан. Бұл шешім жаңа тұрғын үй кешендерінде тұратын балаларды білім беру ұйымдарымен уақытылы қамтуға мүмкіндік береді.

«Келешек мектеп» ұлттық жобасы елордадағы білім беру инфрақұрылымын жүйелі түрде жаңғыртып, оқушыларға қолайлы, қауіпсіз әрі сапалы білім алу ортасын қалыптастыруға бағытталған. Жоба нәтижесінде Астана қаласында үш ауысымды оқыту мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп, заманауи мектептер саны арта түсуде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы