Астанада Re.Women «Әйел – әлемнің жарығы» форумы өтті
Елордада Re.Women Astana әйелдер қауымдастығының «Әйел – әлемнің жарығы» атты форумы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараға шамамен 400-ге жуық лидер әйелдер, депутаттар, кәсіпкерлер, IT саласының, білім, мәдениет және медиа өкілдері қатысты. Форум қоғамда, бизнесте және мемлекеттік қызметте әйелдің рөлі туралы ашық диалог алаңына айналды.
Форумның идеясы Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты Жолдауында атап өтілген әйелдер көшбасшылығын қолдау, кәсіпкерлікті дамыту және рухани-отбасылық құндылықтарды сақтау міндеттерімен үндес.
Respublica партиясының қолдауымен өткен форум төрт тақырыптық сессияны қамтыды: бизнес, отбасы, IT және әлеуметтік-саяси даму. Әр сессия әйел көшбасшылығының түрлі қырларын, кәсіпкерлік пен цифрлық инновациялардан бастап, отбасын нығайту мен ұлттық құндылықтарды сақтауға дейін ашып көрсетті.
Форум спикерлері қатарында Мәжіліс депутаттары Айдарбек Қожаназаров, Олжас Құспеков, Нұргүл Тау, Екатерина Смолякова, Динара Наумова, кәсіпкерлер мен сарапшылар Айгүл Ахметова, Сәуле Сағади, Мақпал Ораққызы, Лаура Вайгорова, медиа сарапшы Санди Сұлтан, республикалық әйелдер қауымдастығы төрағасының орынбасары Айдана Тоғызбаева және партияның елордалық филиалының директоры Шыңғыс Түсіпбаев болды.
Біздің Мәжілістегі фракция - құрамының 50 пайызы әйелдерден тұратын жалғыз фракция. Сондықтан әйелдерді қолдау біз үшін әрдайым басым бағыт. Re.Women қозғалысы бірнеше ай бұрын ғана құрылса да, оның құрамында 2000-нан астам әйел - кәсіпкерлер, аналар, белсенділер бар. Бұл - нағыз қозғаушы күш. Мен сенімдімін, әйелдер - бұл Қазақстанның жаңа "мұнайы”, - деді Respublica партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров.
Форумның негізгі бөлігі Re.Women қауымдастығын дамыту стратегиясын таныстыру болды. Бағдарлама әйелдердің кәсіби өсуін қолдауға, өңірлік бастамаларды дамытуға және әйелдерді елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді тартуға бағытталған.
Қазақ әйелінің күші - рухани құндылықтарды даму мен өрлеуге деген ұмтылыспен ұштастыра білуінде. Әйел бизнес пен саясатта табысты бола отырып, отбасының жылуын сақтап, дәстүрдің жалғастырушысы бола алады, - деді форум ұйымдастырушыларының бірі Сәуле Сағади.
Форум Re.Women Astana қозғалысының әйел көшбасшылығы — қоғамдық дамудың маңызды қозғаушы күші екенін нақты көрсетті. Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар өңірлерде жаңа алаңдар мен бірлескен жобаларды іске қосуға, әйелдердің адами капиталын, цифрлық құзыреттерін және кәсіпкерлігін дамытуға келісті.