Астанада референдум қарсаңында учаскелердің дайындығы тексерілді
Елімізде республикалық референдумға дайындық аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары белсенді түрде жалғасып жатыр.
15 наурызға белгіленген республикалық референдум алдында Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров елордадағы комиссиялардың дайындық деңгейін тексерді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Делегация құрамында Орталық референдум комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов, комиссия мүшелері Азамат Айманақұмов, Михаил Бортник, Әсел Жанәбілова және комиссия аппаратының қызметкерлері болды.
№315 және №317 референдум учаскелерінде елорда тұрғындарына, сондай-ақ осы күндері Астанада болатын және дауыс беру құқығын тіркеуден шығару куәлігі арқылы пайдаланатын азаматтарға ыңғайлы әрі кедергісіз дауыс беру үшін барлық қажетті жағдай жасалған.
Учаскелердегі ақпараттық стендтерде комиссия құрамына қатысты мәліметтер, сондай-ақ жоғары тұрған комиссиялардың, соттардың, прокуратура органдары мен құқық қорғау органдарының мекенжайлары мен байланыс деректері орналастырылған. Дауыс беру алдында референдумға қатысушылар осы жерде бюллетень үлгілерімен, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының мәтінімен және дауыс беру бөлмесіндегі тәртіп ережелерімен таныса алады.
Дауыс беруге барлық азаматтың қатысуына мүмкіндік жасау мақсатында учаскелерде заңнамада көзделген жағдайлар, оның ішінде мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы мүмкіндіктер қарастырылған. Атап айтқанда, Брайль қарпімен дайындалған бюллетень трафареттері әзірленіп, мүгедектер арбасымен жүретін азаматтарға бейімделген арнайы құпия дауыс беру кабиналары орнатылған. Сонымен қатар компьютер, үлкейткіш әйнек және қосымша жарықпен жабдықталған ақпараттық бұрыштар ұйымдастырылған.
Учаскелерде жаңа Конституция жобасының мәтінімен ғана емес, оның қазақ және орыс тілдеріндегі аудио нұсқасымен де танысуға мүмкіндік бар.
Елімізде республикалық референдумға дайындық аясында түрлі коммуникациялық алаңдар мен цифрлық сервистер арқылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Азаматтар өздерінің қай учаскеде дауыс беретінін eGov Mobile мобильді қосымшасы, екінші деңгейлі банктердің қосымшалары, байланыс операторларының SMS-хабарламалары арқылы немесе «ЖСН бойынша өз сайлау учаскеңізді табыңыз» сервисі арқылы біле алады. Сонымен қатар бұл ақпаратты тұрғылықты жердегі әкімдіктердің Call-орталықтарынан да анықтауға болады. Олардың нөмірлері ресми интернет-ресурстарда жарияланған.
Бұдан бөлек, Орталық референдум комиссиясы төрағасының тапсырмасына сәйкес, учаскелік комиссиялар азаматтарды жеке-жеке хабардар ету жұмысын күшейтуде. Үй-үйді аралау барысында референдум қатысушыларына QR-коды бар атаулы шақыру қағаздары табысталып жатыр. Сол код арқылы да азаматтар өздерінің қай учаскеде дауыс беретінін біле алады.
Тексеру қорытындысы бойынша Нұрлан Әбдіров әрбір учаскеде азаматтардың еркін, ашық әрі кедергісіз дауыс беруіне заңда қарастырылған барлық жағдайды қамтамасыз ету негізгі басымдық екенін атап өтті.
Сапар барысында референдумға дайындық және оны өткізу кезеңінде мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын үйлестіруге арналған кеңес өтті. Оған жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ аумақтық референдум комиссияларының төрағалары қатысты.
Әкімдіктердің өкілдері референдумға қатысушылардың тізімін нақтылау жұмыстары аяқталғанын және учаскелердің дауыс беруге дайындық деңгейі туралы хабарлады. Оның ішінде электр және жылу жүйесімен қамтамасыз ету, байланыс пен интернеттің тұрақты жұмысын ұйымдастыру мәселелері қамтылған. Ал құқық қорғау органдары заңдылықты, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың сайлау құқығын қорғау бағытында қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндады.
Сондай-ақ учаскелік комиссия мүшелерін дайындауға ерекше көңіл бөлініп отыр. Осыған байланысты каскадтық модель бойынша оқытудың үшінші кезеңі жүзеге асырылуда. Сапар аясында аумақтық және учаскелік комиссиялардың жетекшілеріне арналған оқыту семинары өтті. Оқу жұмыстары қатысушылардың дайындық деңгейін анықтауға арналған кіріспе тестілеуден басталды.
Сабақ барысында қатысушылар дауыс беру құқығы бар азаматтардың тізімдерімен жұмыс істеудің практикалық тәсілдерін меңгеріп, дауыс беру үдерісіне жақындатылған жағдайларда оқу жаттығуларын орындады. Сонымен қатар құжаттарды рәсімдеу және мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасау мәселелері қарастырылды. Семинар қорытындысында комиссия мүшелеріне учаскелердегі жұмысты ұйымдастыруға қатысты практикалық ұсынымдар берілді.