Астанада қызылша қайта күшейді: 900-ге жуық бала вирус жұқтырған
Астана қаласында қызылша ауруы әлі де тоқтамай тұр. Жыл басынан бері 887 бастапқы жағдай тіркелген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Астана қаласының СЭБД басшысының орынбасары Жанна Пірәлиева мәлімдеді.
Оның ішінде 581 жағдай (65,5%) зертханалық түрде расталды.
Науқастардың басым бөлігі – балалар. Расталған 581 жағдайдың 503-і (86,5%) 14 жасқа дейінгі балаларға тиесілі. Расталған деректер бойынша қызылшамен сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 36,8 болды.
Қауіптің негізгі тобы – екпе алмаған балалар. Олар барлық науқастардың шамамен 90%-ын (525 жағдай) құрайды. Оның ішінде бас тарту себебінен тіркелгені – 365 жағдай (63%). Бұдан бөлек, 22% жағдай вакцинация жасына әлі жетпеген балаларға қатысты. Олар аса осал топқа жатады, себебі өздері қорғана алмайды және айналасындағылардың иммунитетіне тәуелді болады. Бұл жағдай вакцинадан бас тарту ата-ананың жеке таңдауы ғана емес екенін көрсетеді. Себебі мұндай шешім өздігінен қорғана алмайтын кішкентай сәбилерге де қауіп төндіреді, - деп атап өтті ведомство өкілі.
Қызылша – балаларда жеңіл өтетін қарапайым ауру емес. Ол ең жұқпалы вирустық инфекциялардың бірі. Мысалы, науқаспен байланыста болған қорғалмаған адамдардың 90-95%-ы жұқтырып алады.
Аурушаңдық құрылымында осы инфекцияға ең бейім топ – екпе алмаған балалар. Олар 67% (392 жағдай). Мектепке дейінгі ұйымдарға баратын балалар – 14,3% (83 жағдай), оқушылар – 5,5% (29 жағдай), студенттер – 3,2% (19 жағдай), ал басқа санаттар 10% (58 жағдай) болып отыр, - деді Жанна Пірәлиева.
Айта кетерлігі, вирус тек ауа арқылы ғана таралмайды. Ол жөтелгенде, түшкіргенде және тіпті жай сөйлескен кезде де жұға береді. Сондықтан балалар ұжымдарында, мектепте, балабақшада және қоғамдық орындарда өте жылдам таралуы мүмкін.
Қызылша әсіресе кішкентай балаларда, жүкті әйелдерде және иммунитеті әлсіз адамдарда ауыр өтеді. Сол себепті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, қызылшадан қорғанудың жалғыз сенімді жолы – вакцинация.
Қызылшаның таралуын тоқтату үшін халықтың кемінде 95%-ы вакцина салдыруы тиіс. Дәл осындай деңгейде ұжымдық иммунитет қалыптасады. Бұл өз кезегінде жасы немесе денсаулығына байланысты вакцина салдыруға қарсы көрсетілімі бар адамдарды да қорғайды.
Көптеген елдің тәжірибесі көрсеткендей, вакцина алу деңгейі төмендесе, қызылша қайтадан өршиді.
Қазір елорда емханаларында вакцинация жүргізіліп жатыр. Бұл – екпеден қалып қойған балалар мен жасөспірімдерге арналған қосымша егу шаралары. Сонымен қатар вакцина салдырмаған немесе вакцина мәртебесі белгісіз адамдар науқаспен байланыста болса, оларға 72 сағат ішінде шұғыл иммундау жасалады. Бұл – аурудың дамуына жол бермей, вирустың әрі қарай таралуын тоқтататын тиімді тәсіл, - дейді дәрігер.
Ата-аналарға ескеретін жайт:
- балаларыңыздың екпе мәртебесін тексеріңіз;
- егер екпені өткізіп алса немесе алғаны туралы мәлімет болмаса, вакцинацияны дер кезінде алыңыз;
- науқаспен байланыс болғаннан кейін шұғыл вакцинациядан бас тартпаңыз;
- ауру белгілері байқалса, бірден дәрігерге жүгініңіз.