Астанада қызылша өршіп тұр: Балаларға қауіп бар

Астана қаласында қызылша ауруының таралуы әлі де тоқтаған жоқ. Бұл туралы қаладағы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айгүл Шағалтаева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, жыл басынан бері елордада қызылшаның 384 бастапқы жағдайы тіркелген. Оның 234-і, яғни 61 пайызы зертханалық тұрғыда расталған. Расталған жағдайлар бойынша сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 14,8-ді құрап отыр.

Науқастардың басым бөлігі – балалар. Атап айтқанда, расталған 234 жағдайдың 218-і немесе 93,2 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталған, - деп айтты дәрігер.

Оның мәліметінше, негізгі тәуекел тобы – вакцинация алмаған балалар. Олар науқастардың шамамен 93,5 пайызын немесе 219 жағдайды құрайды. Оның ішінде 144 жағдай, яғни 61,5 пайызы ата-аналардың вакцинациядан бас тартуына байланысты тіркелген. Сонымен қатар науқастардың 26,5 пайызы – вакцинация жасына әлі жетпеген балалар. Бұл топ әсіресе осал саналады, себебі олар қоғамдағы жалпы иммунитетке тәуелді.

Вакцинациядан бас тарту – ата-ананың жеке таңдауы ғана емес, сонымен қатар өздігінен қорғана алмайтын кішкентай балалардың денсаулығына төнетін қауіп, - деп түсіндірді Айгүл Шағалтаева.

Мамандар қызылшаның балалар үшін жеңіл өтетін ауру емес екенін ескертеді. Бұл – ең жұқпалы вирустық аурулардың бірі. Науқаспен байланыста болған қорғалмаған адамдардың 90-95 пайызы жұқтыруы мүмкін.

Аурушаңдық құрылымында қызылшаға ең сезімтал топ – ұйымдастырылмаған балалар. Олар жалпы жағдайлардың 63 пайызын құрайды. Одан кейін мектепке дейінгі ұйымдарға баратын балалар – 14 пайыз, оқушылар – 7 пайыз, студенттер – 5 пайыз. Қалған 10 пайызы өзге санаттарға тиесілі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы