25 Тамыз 2026, 14:18 Фото: pexels.com

Астанада құрылыс нысандары дронмен тексеріліп, 1,1 млн теңге айыппұл салынды

Дрондар құрылыс алаңдарындағы еңбек қауіпсіздігін бақылауға кірісті. Алғашқы үш айда 20 нысаннан заң бұзушылық анықталған.

Астана қаласының прокуратурасы құрылыс нысандарындағы заң бұзушылықтарды анықтау және еңбек қауіпсіздігін бақылау үшін дрондарды қолдана бастады.

Әуе бақылауы арқылы құрылыс алаңдарындағы қауіпсіздік пен еңбекті қорғау талаптарының сақталуы тексеріледі. Бұл тәсіл құрылыс салушылардың заң бұзушылықтарды жасыру мүмкіндігін азайтып, қауіпті жұмыстарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, дрондардың көмегімен жұмысшылардың сақтандырылуы, биіктікте қауіпсіздік талаптарының сақталуы және құрылыс нысандарында заңсыз жұмыс күшінің пайдаланылуы сияқты мәселелер бақыланады.

Прокуратураның мәліметінше, әуе бақылауы қолданылған алғашқы үш айдың қорытындысы бойынша қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарын бұзған 20 құрылыс нысаны анықталған.

Заң бұзушылықтарға жол берген 13 жұмыс беруші әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оларға жалпы сомасы 1,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұдан бөлек, тағы 7 әкімшілік құжат қаралу үстінде, - деп хабарлады елордалық прокуратура.

Астана қаласының прокуратурасы «әуе бақылауының» негізгі мақсаты азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау және еңбекті қорғау саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету екенін атап өтті.

Қадағалау органының мәліметінше, дрондарды пайдалану құрылыс нысандарындағы жағдайды қашықтан әрі объективті бағалауға мүмкіндік беріп, еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылаудың тиімділігін арттыруға бағытталған.