Астанада құрбандық шалынатын орындар белгіленді
Астана әкімдігі мал сойылатын бес орынды белгіледі.
Астанада Құрбан айт күндері құрбандық шалынатын арнайы орындар белгіленді.
Айт намазы 27 мамыр күні таңғы сағат 06:00-де қаланың барлық мешітінде оқылады. Құрбандық шалу рәсімі күн сайын сағат 07:00-ден 18:00-ге дейін тек ресми түрде бекітілген орындарда ғана жүргізіледі.
Осы мақсатта елордада мал сойылатын арнайы бес алаң белгіленді:
- Байқоңыр ауданы: «Шанхай» базары – Алаш тасжолы, 34/6;
- «Баракат» базары – А 369 көшесі, 10;
- «Жайлау» базары – Алаш тасжолы, Ц 313 көшесі;
- «Шәушен» шаруа қожалығы – Алаш тасжолы, 136Б.
- Алматы ауданы: «Ет-Хан» ет цехы – Теміржолшылар тұрғын алабы, Ақжар көшесі, 20.
Құрбандық шалу рәсімін арнайы белгіленген орындардан тыс жерде өткізуге болмайды. Мереке қарсаңында тұрғындар санитарлық-эпидемиологиялық және ветеринариялық талаптарды сақтауы қажет. Мамандар етті тек тексерілген орындардан сатып алуды, өнімнің сақталу жағдайына назар аударуды, сондай-ақ жеке гигиена мен санитарлық қауіпсіздік ережелерін сақтауды ұсынады. Сонымен қатар, мал союдан қалған қалдықтарды белгіленген тәртіппен кәдеге жарату қажет, оларды қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлерге тастауға тыйым салынады, – делінген Астана әкімдігінің хабарламасында.