Астанада құқықтық нормаларды енгізу жөніндегі халықаралық конференция өтті

Астанада «Адам құқықтарын қамтамасыз ететін халықаралық құқықтық нормаларды ұлттық заңнамаға енгізу» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның екінші күні өтті.

Конференцияға мемлекеттік органдар мен халықаралық, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, шет мемлекеттердің омбудсмендері, заңгерлер және адам құқықтары саласындағы басқа да көптеген сарапшылар жиналды.

Іс-шара «Адам құқығы 75» Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 75 жылдығына орай БҰҰ-ның Дүниежүзілік бастамасы аясында өткізілуде. Бұл туралы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев хабарлады.

Бүгін біз сіздерді алдағы кезеңге бірлескен жұмыс стратегиясын әзірлеуге шақырамыз. Біз адам құқықтары философиясының негізінде жатқан іргелі принциптерді жақтаушыларды біріктірдік. Олар Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында бекітілген отыз негізгі құқықтар мен бостандықтарда көрсетілген, - деді ол.

Форум азаматтық және саяси құқықтар, Әлеуметтік-экономикалық құқықтарблокқа бөлінген жалпы және тақырыптық пікірталас форматында өтті.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Рамазанұлы Қадіров конференцияға қатысушыларды құттықтап, азаматтық сектормен бірлесе жұмыс істеу қажеттігін айтты.

Қазіргі уақытта БҰҰ болсын, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл болсын, кез келген халықаралық ұйымның ұсыныстары әзір тұр. Ал бұл ұсыныстарды жасау және жүзеге асыру тек мемлекеттік органдардың ғана емес, сонымен бірге азаматтық сектордың да міндетіне кіруі тиіс, - деді вице-министр.

Жалпы талқылауға Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті Нұрғазиева Бану Ғаниқызы да қатысты.

Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының мерейтойы – бәріміз үшін адам құқықтары әртүрлі мәдениеттер мен жергілікті жағдайларға бейімделетін құндылықтар ғана емес екенін есте сақтауға мүмкіндік береді. Бұл - саяси таңдау емес. Бұл - жалпыға бірдей міндеттеме және заңды түрде міндетті құқықтық принциптер. Декларацияның 75 жылдағы мақсаты негізгі бостандықтардың теңдігі және әділеттілік қағидаттарына негізделген қоғам құру болды. Ал Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы мұның халықаралық тетіктерінің негізі бола отырып, құқықтарды қорғаудың барлық заманауи жүйесін одан әрі дамытуға қызмет етті, - деді Бану Ғаниқызы.

Талқылауды Заң консультанттары палатасының құрылтайшысы Серік Беркамалов жалғастырды.

Заңдар азаматтық қоғамға зиян келтірмейтіндей қабылданады, мемлекеттің жетістіктері – бүкіл азаматтық қоғамның жетістігі. Мен Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау мен жүзеге асыруға ықпал еткен ең маңызды оқиғалар мен іс-әрекеттер туралы айтқым келеді. Ең алдымен, бұл - конституциялық реформалар, атап айтқанда адам құқықтарын қорғаудың жаңа институттары, Конституциялық соттың пайда болуы және Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе беру. Мұның бәрі - біз пайдалана алатын нақты құралдар, - деді спикер.

Тақырыптық пікірталастың бірінші сессиясында қатысушылар азаматтық және саяси құқықтарды қорғау мен ілгерілету тақырыбын талқылады.

«Әділ сөз» халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова қордың сөз бостандығын қорғауға бағытталған қызметіне тоқталды.

«Сөз бостандығы – әрбір азаматтың объективті, уақтылы, жан-жақты және толық ақпарат алу құқығы.

Бұл әрбір қазақстандықты толғандыратын мәселелер және осыған байланысты біз үшін Конституцияда кепілдік берілген ақпаратты алу немесе өз қалауыңызды айту мүмкіндігінің болуы принципті түрде маңызды», - деді ол.

Талқылау барысында спикер сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің стратегиясына Қазақстанның барлық өңірлерінде мемлекеттік қызметшілер үшін адам құқықтарының негіздері бойынша міндетті онлайн курстар немесе дәрістер енгізуді ұсынды.

Екінші отырыс барысында «Право» қоғамдық қорының жетекшісі Ольга Рыль тыңдаушылар алдында әлеуметтік-экономикалық құқықтар тақырыпта сөз сөйледі.

Бүгінде Қазақстандағы экономикалық жағдай кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттарымыздың қызметін дамытуға мүмкіндік берді. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттардың құзыретіне келетін болсақ, қазіргі уақытта қызмет жалпы отбасының, балалардың мүдделерін қорғауға бағытталған. Менің ойымша, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл балаларды болашақ азамат ретінде қарастыруы керек, тиісінше, барлық саясат осы бағытта құрылуы тиіс. Балаларымызға не берсек, болашақта олар еліміздің азаматы болған кезде соны аламыз. Соттардың барлық қызметі бірінші кезекте отбасын қорғауға бағытталған, - деді спикер.

Өз кезегінде «Әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы» ҚБ директоры Хасанова Шахноза көші-қон мәселесін қозғады.

Біздің еліміз шетел азаматтарын жиі қабылдайтын мемлекеттердің қатарына кіреді. Елімізде еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтарын жүзеге асыру үшін барлық шаралар қабылданып жатқанына қарамастан, әлі де болса мигрант балалардың білім алуына, мигрант әйелдердің әлеуметтік және медициналық қызметтерге қол жеткізуіне қатысты проблема жетерлік. Ұзақ мерзімді перспектива ретінде мен Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталыққа осы құқықтардың сақталуын қамтамасыз ету үшін ұсыныстар бергім келеді. Қазақстанда заңды көші-қон үшін жағдай жасап, барлық еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтары туралы халықаралық конвенцияны ратификациялау мәселесін қарастыру қажет, - деп атап өтті қоғамдық бірлестік өкілі.

Талқылау нәтижелері Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің адам құқықтарын қорғау мен ілгерілету саласындағы алдағы бес жылға арналған міндеттері мен қызметінің басым бағыттарын айқындайтын стратегиялық құжатқа негіз болатынын айта кеткен жөн.

Халықаралық конференцияның ұйымдастырушылары Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің кеңсесі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі халықаралық ұйым. Қазақстандағы көші-қон және БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ), сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ).

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы