26 Қазан 2026, 07:56
Фото: скрин видеодан
Астанада қонақүйде өрт шығып, 60 адам эвакуацияланды
Электр желісі мамандары нысанды электр қуатынан ажыратқаннан кейін өрт толық сөндірілді.
Астананың оң жағалауында орналасқан монша-қонақүй кешенінде түнде өрт шықты. Оқиға салдарынан 60 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды.
Өрт Бөгенбай батыр даңғылы бойындағы бес қабатты монша-қонақүй кешенінің шатырында болған. Онда желдету жүйесінің жылу оқшаулағыш материалы мен электр кабельдері жанған.
Өрттің жалпы аумағы 10 шаршы метрді құрады. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері ғимараттың бірінші қабатында орналасқан дәмхана мен бильярд залынан 60 келушіні эвакуациялады.
Электр желісі мамандары нысанды электр қуатынан ажыратқаннан кейін өрт толық сөндірілді.
Құтқарушылардың мәліметінше, өрт салдарынан зардап шеккендер жоқ.