Астанада қоғамдық қауіпсіздікті төрт робот-ит бақылайды
Бұл полицияға жағдайды жедел бағалап, қажет болған жағдайда тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
Астанада қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу үшін төрт робот-ит қолданысқа енгізілді. Бұл туралы елорда әкімдігі мәлім етті.
Қазір робот-иттер адам көп жиналатын сауда орталықтары мен қоғамдық орындарда жұмыс істеп, полиция қызметкерлеріне жағдайды бақылауға көмектеседі.
Жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған камералар айналадағы ахуалды бақылап, бейнеақпаратты нақты уақыт режимінде Жедел басқару орталығына жібереді. Бұл полицияға жағдайды жедел бағалап, қажет болған жағдайда тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
Робот-иттердің тағы бір мүмкіндігі – іздеуде жүрген адамдарды анықтауға көмектесу. Жасанды интеллект жүйесі бет-әлпетті сәйкестендіріп, сәйкестік анықталған жағдайда Жедел басқару орталығына автоматты түрде дабыл хабарламасын жібереді.
Жаңа технология полицияның жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырып, қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.