Астанада Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион құрылысы толық аяқталды
Стадион Арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен салынған.
Елордада Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион құрылысы толық аяқталды. 1936 жылдан бастау алатын тарихи спорт нысаны қайта жаңғыртылып, заманауи талаптарға сай жаңартылды. Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Стадион Арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен салынған. Жалпы аумағы 18 951 шаршы метрді құрайтын стадион UEFA-ның 4-санатына сәйкес келеді және 3 600 көрерменге арналған. Нысан заманауи спорт жабдықтарымен, жасанды жабынмен, трибуналармен, конференц-залдармен, медициналық кабинеттермен, әкімшілік және техникалық аймақтармен, сондай-ақ VIP-ложалармен жабдықталған.
Стадион алдағы уақытта Астана қаласы әкімдігінің №8 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің теңгеріміне беріледі.
Спорт нысанының ресми ашылуы 4 маусымға жоспарланған. Ашылу аясында 2013 жылы туған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының жыл сайынғы футбол чемпионаты өтеді. Турнирге елдің түрлі өңірлерінен 15 үздік команда қатысады.