Астанада қазақ-румын ынтымақтастығының жаңа мүмкіндіктері белгіленді
Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Астанаға "Констанца порты – Орта дәліздің еуропалық хабы" атты конференциясына қатысу үшін келген Румыния Премьер-министрі кеңсесінің Мемлекеттік кеңесшісі Флорин Спатараны қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ ведомствоға сілтеме жасап.
Сұхбат барысында тараптар соңғы жылдары қол жеткізілген саяси диалог пен сауда-экономикалық ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалады. ТараптарАстана мен Бухарест арасындағы берік саяси қатынастар энергетика, көлік, инфрақұрылым және инвестицияларды қоса алғанда, түрлі салаларда әлеуетті іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасағанын атап өтті.
Румыния – Қазақстанның Еуропалық одақтағы маңызды сауда және инвестициялық серіктесі. Геосаяси тұрақсыздыққа қарамастан, елдеріміз арасындағы өзара сауда көлемі елеулі болып қалуда. Румынияда «ҚазМұнайГаз Интернейшнлдің» негізгі бренді және Еуропадағы ең ірі қазақстандық инвестициялардың бірі болып табылатын «Rompetrol» компаниясы табысты жұмыс істеуде, – деп атап өтті Р.Василенко.
Сонымен қатар тараптар көлік-логистикалық байланыстарды одан әрі дамыту перспективаларын талқылап, Ақтау мен Констанца теңіз порттары арасындағы ынтымақтастықтың зор әлеуетін атап өтті.
Тараптар ЕО-ның «Жаһандық қақпа» стратегиясы аясында жобаларды белсенді іске асырудың өзектілігін, оның ішінде экономикалық байланыстарды нығайтуға және жүк тасымалдау көлемін ұлғайтуға маңызды қадам болатын Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) бойындағы көлік жобаларын интеграциялау мүмкіндігін атап өтті.
Бұл тұрғыда дәлізді ілгерілетуге және басым жобаларды іске асыру жөніндегі күш-жігерді үйлестіруге ықпал ететін осы жылдың басында іске қосылған негізгі мүдделі тараптар арасындағы ТХКБ үйлестіру платформасы ерекше маңызға ие болады.
Кездесу соңында тараптар бірлескен жобаларды іске асыруға және Қазақстан мен Румыния арасындағы өзара тиімді қатынастарды нығайтуға бағытталған белсенді диалогты жалғастыруға келісті.