Астанада қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің атына көше берілді
Бұл шешімді Астана қалалық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдап, дауыс берді, деп хабарлады BAQ.KZ.
Айта кетейік, мәслихаттың бүгінгі отырысында елорданың кейбір құрамдас бөліктеріне атаулар беру мәселесі қаралды.
Ономастика комиссиясының отырысында бірнеше мәселені қарастырдық. Олардың біріншісі Қоғамдық кеңестерде, Мәслихат отырыстарында талқыланды. Біз әл-Фараби даңғылын елорданың сол жағалауындағы №38 көшеге ауыстыруды ұйғардық. Бұл көпжолақты көше, Тәуелсіздік даңғылының жалғасы болып табылады. Болашақта ол үлкен даңғылдардың біріне айналады. Тағы бір ұсыныс – өздеріңіз білетіндей, «Қаһарман» тұрғын үй кешенінде өрт болды. Өрт сөндіруші Асқар Забикулин қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапты. Мемлекет басшысы елордалық көшелердің бірін Асқар Забикулиннің есімімен атауды тапсырды. Осылайша, «Үркер» тұрғын алабындағы №583 көшені құтқарушы Асқар Забикулиннің есімімен атауды ұсынамыз», - деді Астана қалалық Тілдерді дамыту және мұрағат басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп.
Оның айтуынша, осы көше жанында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан Саят Әбеев пен Ғазиз Байтасов атындағы көшелер қатар орналасқан.