Астанада қайтарылған активтер есебінен 1200 орындық мектеп салынады
Қазіргі уақытта мектепте құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген 7 млрд теңге Астананың «Нұра» ауданында 1200 оқушыға арналған жаңа мектеп салуға бағытталды.
Қазіргі уақытта мектепте құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысанды келесі жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Жаңа мектептің құрылысы елорда халқының өсуіне және оқушы орындарының тапшылығына байланысты қолға алынған. Қазір құрылыс аумағында төрт мемлекеттік мектеп – №84, №85, №89 және №97 білім ордасы жұмыс істейді. Жаңа нысан пайдалануға берілгеннен кейін аталған мектептерге түсетін жүктеме азаяды.
Жалпы қайтарылған активтер азаматтар үшін маңызды әлеуметтік жобаларды іске асыруға бағытталуда. Үкімет 610 млрд теңгеден астам қаржыға 500-ден астам әлеуметтік жобаны қаржыландыруды мақұлдаған.
Оның ішінде білім беру саласында жалпы құны 64,4 млрд теңге болатын 17 жоба жүзеге асырылады. Бұл қаражат жаңа білім беру нысандарын салуға және қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған.