Астанада қатты жел тұрғын үйдің сыртқы қабатын жұлып әкетті
Қазір жөндеу шығыны есептеліп жатыр.
Астанада 9 қабатты тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы опырылып түсті. Оқиға орнында түсірілген бейнежазбалар әлеуметтік желілерде таралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алдын ала мәліметтерге қарағанда, қатты соққан желдің әсерінен ғимараттың қасбетіне орнатылған жылу оқшаулағыш қабат ажырап кеткен.
Оқиға қаланың оң жағалауында орналасқан Жеңіс даңғылы, 43/3 мекенжайындағы "Айка" тұрғын үй кешені туралы болып отыр. Нысан 2012 жылы пайдалануға берілген. Құрылыс жұмыстарын "Алматыгорстрой" компаниясы жүргізген.
Қазір үйдің бір қабырғасы дерлік ашылып қалған: металл бекіткіштер сыртқа шығып тұр, ал кей тұстарында қаптаманың қалдықтары салбырап ілініп тұр.
Құлаған бөліктер ғимараттың түбіне түскен. Үйдің айналасында бетон сынықтары мен жылу оқшаулауға арналған плиталар шашылып жатыр.
Абырой болғанда, қаптама құлаған кезде ғимарат маңында ешкім болмаған. Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, зардап шеккендер жоқ.
11 наурыз күні шамамен сағат 17:00 шамасында қатты желдің салдарынан "Айка" тұрғын үй кешенінің қасбетіндегі жылу оқшаулағыш қабат ажырап кетті. Үй 2015 жылы салынған. Зардап шеккендер тіркелген жоқ, – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта әкімдіктің мәліметіне сәйкес, үйге қызмет көрсететін басқарушы компания жөндеу жұмыстарының құнын есептеп жатыр.
Компания шығын көлемін анықтап, қасбетті қалпына келтіру үшін өнеркәсіптік альпинист жалдау мәселесін қарастыруда, – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Сонымен қатар пәтер иелеріне өздеріне тиесілі ортақ мүлікті күтіп-ұстау міндеті жүктелетіні тағы бір мәрте еске салынды.