16 Шілде 2026, 10:43

Астанадағы дәмханада газ баллоны жарылды: Зардап шеккендер бар

Астанадағы Шара Жиенқұлова көшесінде тандыр самса дайындайтын дәмханада газ-ауа қоспасының жарылысы болды. Оқиға базар аумағындағы екі қабатты әкімшілік ғимаратта болған.

Төтенше жағдайлар департаментінің алдын ала мәліметінше, оқиғаға көлемі 50 литр болатын композитті газ баллонының герметикалығының бұзылуы себеп болған.

Зардап шеккендер бар

Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері жедел жетті.

Барлау жұмыстары барысында құтқарушылар үш зардап шеккен адамды тауып, оларға қажетті медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізді.

Жарылыстан кейін тандыр самса дайындалатын бөлмеде төбе жабындысы мен есік ойығы ішінара опырылған.

Иелері не дейді?

BAQ.KZ тілшісі тандыр самса дайындайтын көршілес екі дәмхананың иелерімен байланысқа шықты.

Жарылыс болған дәмхананың иесі оқиға болғанын растағанымен, егжей-тегжейлі пікір беруден бас тартты.

Ешқандай пікір бермеймін, – деді ол және қазіргі уақытта полиция бөлімінде екенін айтты.

Ал көршілес дәмхананың иесі жарылыс олардың нысанында болмағанын жеткізді.

Бұл көршілерде болды. Бізде ешқандай жарылыс болған жоқ, – деді ол.

Оның айтуынша, өз дәмханасында газ баллондары қолданылмайды.

Бізде газ жоқ, тамақты отынмен дайындаймыз, – деп түсіндірді кәсіпкер.

Сондай-ақ ол жарылыстың соққы толқынынан өз дәмханасындағы жабдықтар мен ғимараттың кейбір бөліктері зақымданғанын айтты. Алайда дәмхана қызметкерлерінің ешқайсысы зардап шекпеген.

Себептері анықталып жатыр

Қазіргі уақытта оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жұмысын жалғастыруда. Оқиғаның мән-жайы мен нақты себептері анықталуда.

Төтенше жағдайлар министрлігінің алдын ала нұсқасына сәйкес, жарылыс ғимараттың бірінші қабатында орналасқан тандыр самса дайындайтын бөлмедегі газ баллонының герметикалығының бұзылуы салдарынан болған.