Астанада қаскөйлер әлеуметтік қызметкер кейпінде қарттардың ақшасын ұрлап кеткен
Елордада өздерін «әлеуметтік қызметкерміз» деп таныстырған алаяқтар қарттарды алдап, ақшаларын ұрлап кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сілтеме жасап.
Ұрылар өз арам пиғылдарын алдын-ала жоспарлап алған. Олар «әлеуметтік қызметкерміз, коммуналдық төлем бойынша жеңілдік бар» деп зейнеткерлерді алдап, үйіне кіретін болған.
Алдымен ұрылардың бірі үйге кіреді де, артынан есікті жаппайды. Негізінен ас бөлмесіне кіріп дәптерін шығарып, зейнеткерге әртүрлі сұрақтар қойып алдаусыратып отырған. Осы мезетті пайдаланған екінші жігіт үйге кіріп, емін-еркін құнды заттарды қолды қылады. Айталық, Есенберлин көшесінің бойындағы үйлердің бірінен олар 92 жастағы қарияның жылдар бойы жинаған 1 миллион 200 мың теңгесін алып кеткен, -дейді Сарыарқа аудандық ПБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы Медет Балтабек.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктілерді қолға түсірді. Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Әзірге олардың үш қылмыстық оқиғаға қатысы бары анықталды. Бірақ нақты көрсеткіш әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Осыған байланысты бұл адамдардың заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен азаматтардан полицияның «102» арнасына хабарласуын сұраймыз, – дейді Медет Балтабек.