Астанада Қарулы күштердің әскери қызметшілері марапатталды
Мемлекеттік наградалар Қорғаныс министрлігінің 34 әскери қызметшісіне табысталды.
Астанада Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жеке құрамды мемлекеттік мерекемен қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов құттықтады.
Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін бұл күннің маңызы арта түсті. Оның преамбуласында мемлекеттің дамуына негіз болатын басты қағидаттар – егемендік, халық бірлігі, қауіпсіздік пен тұрақтылық айқын көрсетілген. Осыған байланысты Отан қорғаушылар күні тек әскери қызметшілердің кәсіби мерекесі ғана емес, ел тарихы мен қазіргі конституциялық құндылықтарды тоғыстыратын мемлекеттіліктің маңызды символы ретінде қабылданады, – деді ол.
Өз сөзінде авиация генерал-лейтенанты Д. Қосанов ведомство тарапынан заңнаманы жетілдіру, әскери басқару жүйесін дамыту, әскердің жауынгерлік дайындығын күшейту, қару-жарақты жаңғырту, қорғаныс саласына, әскерге шақыру мен әскери қызмет өткеру жүйесіне цифрлық технологияларды енгізу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
Ел басшылығы ведомствоның мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайту, әскерді басқару және жоғары жауынгерлік дайындықты сақтау жолындағы жетістіктеріне лайықты баға берді.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Айдос Мырзахметовке «генерал-майор», Тимур Еспағанбетовке «авиация генерал-майоры» жоғары офицерлік әскери атақтары берілді.
Әскердің жоғары жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз еткені және қызметтік міндеттерін табысты атқарғаны үшін Қорғаныс министрлігі департаментінің бастығы Ренат Дарменов, Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысы басқармасы қару-жарақ бас басқармасы штабының бастығы Дмитрий Федорченко, Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Данияр Хайрушев ІІ дәрежелі Бауыржан Момышұлы атындағы «Айбын» орденімен марапатталды. Ал 10810 әскери бөлімінің сержанты Медет Мұхтархан мен Әуе қорғанысы күштерінің сержанты Ғалымжан Таукебаев III дәрежелі Рахымжан Қошқарбаев атындағы «Айбын» орденіне ие болды.
Жалпы Қорғаныс министрлігінің 34 әскери қызметшісіне мемлекеттік наградалар табысталды. Оның ішінде ІІ дәрежелі «Айбын» ордені – 5, III дәрежелі «Айбын» ордені – 2, «Құрмет» ордені – 2 әскери қызметшіге берілді. «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен – 22, «Ерен еңбегі үшін» медалімен Қарулы күштердің 3 өкілі марапатталды.
Қорғаныс министрлігінің ведомстволық наградалары – «Ел қорғаны» медалімен 41 әскери қызметші, «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің үздігі» төсбелгісімен 11 мерзімді әскери қызметші марапатталды. Сондай-ақ 48 әскери қызметшіге әскери атақ мерзімінен бұрын берілді.
Марапаттау рәсімінен кейін Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы дайындаған мерекелік концерт өтті.