Астанада қар тазалауға 3 мыңға жуық адам жұмылдырылды
Астанада қар тазалау жұмыстарына 1800-ден астам арнайы техника мен 2600-ден астам жұмысшы жұмылдырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ қалалық әкімдікке сілтеме жасап.
1 ақпан күні таңертеңнен бастап қаланың коммуналдық қызметтері қар тазалау және көшелерді қоқыстан тазарту жұмыстарына кірісті. Әкімдіктің мәліметінше, өткен түнде, 31 қаңтардан 1 ақпанға қараған түні, қала аумағынан 49 190 текше метр қар 3 744 ауыр жүк көлігімен шығарылған.
Қыс маусымы басталғалы бері Астанадан полигондарға 4 миллион 570 мың 183 текше метр қар 359 169 рейспен шығарылды», – деп мәлімдеді әкімдік өкілдері.
Қар тазалау жұмыстарының негізгі басымдықтары: Көлік кептелісін азайту мақсатында көлік қозғалысы қарқынды учаскелерді тазалау; Қаланың орталық көшелері, қоғамдық көлік маршруттары, аялдамалар мен жаяу жүргіншілер аймақтары; Әлеуметтік нысандарға кіреберіс жолдар, вокзалдар мен алаңдар.
Тазаланған қар арнайы жабдықталған полигондарға жеткізіледі. Бұл полигондар бейнебақылау, жарықтандыру және бақылау жүйелерімен жабдықталған.
Әкімдік тұрғындарға жолдарда сақтық танытуға, қауіпсіздік ережелерін сақтауға және дауылды ескерту кезінде алыс сапарлардан бас тартуға кеңес береді.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, қалалық коммуналдық қызметтер жолдарды тазалап, қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасау үшін қарқынды жұмыс атқарып жатыр.