22 Ақпан 2026, 22:53 Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада қар тазалауға 1 600-ден астам техника жұмылдырылды

Жолдар мен тротуарларға техникалық тұз себу жұмыстары да тәулік бойы жалғасып жатыр.

Астана қаласында толассыз жауған қарға байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген тәулік бойы режимде жұмыс істеуде, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

22 ақпанда қар полигондарына 3 200 ауыр жүк көлігі рейсімен 52 мың текше метр қар мен мұз шығарылды. Ал 23 ақпанға қараған түні қала көшелерін тазалауға 1 610 арнайы техника мен 489 жол жұмысшысы жұмылдырылды.

Алдымен негізгі магистральдар мен қоғамдық көлік бағыттары тазартылып, кейін аулалар, тротуарлар, алаңдар мен аялдамалар қардан аршылады.

Қыс маусымы басталғалы бері қаладан қар полигондарына 386 345 рейспен 5 735 935 текше метр қар шығарылған. Жолдар мен тротуарларға техникалық тұз себу жұмыстары да тәулік бойы жалғасып жатыр.

Қазгидромет мәліметінше, 23 ақпанда елордада қар, боран және көктайғақ күтіледі. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін.

Қалалық төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады. Мамандар көктайғақ кезінде абай болуды, боранда аса қажеттілік болмаса үйден шықпауға, жүргізушілерге қауіпсіз арақашықтық сақтауға және дауылды ескертулерді SMS-хабарламалар мен ресми ақпарат көздері арқылы қадағалап отыруға кеңес береді.

Астана әкімдігі тұрғындар мен қала қонақтарын жолда барынша сақ болуға және қолайсыз ауа райында алыс сапардан бас тартуға үндеді.