Астанада қар тазалау жұмыстарына 1 300-ден астам техника тартылды
Астанада толассыз жауған қарға байланысты коммуналдық қызметтер тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2 ақпан күні қарды арнайы полигондарға шығару үшін 1 403 жүк көлігімен 22 мың текше метрден астам қар тасымалданды. Ал түнгі ауысымда қар күреу жұмыстарына 1 300-ге жуық арнайы техника мен 300-ге тарта жол жұмысшысы жұмылдырылды.
Алдымен негізгі магистральдар мен қоғамдық көлік бағыттары тазартылып, кейін аулалар, тротуарлар мен аялдамалар қардан аршылады.
Қыс басталғалы бері қаладан 246 096 рейс арқылы 3,4 млн текше метрден астам қар шығарылған.
«Қазгидромет» мәліметінше, алдағы күндері Астанада қарлы ауа райы сақталады. Синоптиктер қар, боран, тұман және көктайғақ болуы мүмкін екенін ескертеді.
Әкімдік қала тұрғындарын жолда барынша сақ болуға және қажет болмаса алыс сапарға шықпауға шақырады. Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне хабарласу қажет.