Астанада қар күреуге 2,6 мыңнан астам жұмысшы шықты
Елордада толассыз қар жаууына байланысты коммуналдық қызметтер күреу бойынша тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
22 желтоқсан күні коммуналдық қызметтер елордадан 42 мың текше метрден астам қарды 3033 рейспен алып шықты.
Сол сияқты бұл күні қар күреу жұмысына 2603 жол жұмысшы мен 1 595 арнайы техника жұмылдырылды.
Қыс мезгілінің басынан бастап полигондарға қаладан 105 695 рейс арқылы 1 млн 336 мың текше метрден астам қар шығарылды.
Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады. Сондай-ақ, қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады.
Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие.
Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.
Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз.
Төтенше жағдай туындаған кезде «112» нөміріне хабарласыңыз.