Астанада ойын-сауық орындарында кальян шегудің заңсыз фактілері анықталды
Елорда полицейлері Қазақстан Республикасының темекі өнімдері мен кальян қоспаларын белгіленбеген орындарда тұтынуға тыйым салу туралы заңнамасының бұзылуын анықтауды жалғастыруда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жыл басынан бері темекі өнімдерін, оның ішінде қыздырылатын темекі бұйымдарын, кальян темекісін, кальян қоспаларын, темекіні қыздыру жүйелерін тұтынуға тыйым салу туралы шамамен 5 мың құқық бұзушылық тіркелді.
Соңғы тәулікте жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында Достық көшесіндегі лаундж-барда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 441-бабы 1-бөлігі бойынша құқық бұзушылық анықталды. Сондай-ақ, мекеме темекі өнімдерін шегуге тыйым салынған орындарда қызмет көрсеткені үшін 441-баптың 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Елімізде қоғамдық орындарда, дәмханаларда, мейрамханаларда, клубтарда, демалыс орындарында және көшелерде кальян шегуге толық тыйым салынған.
Елордалық Полиция департаменті азаматтарды қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтауға және қоғамдық орындарда тыйым салынған заттарды тұтынбауға шақырады. Мұндай рейдтік шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Еске салайық, бұған дейін елімізде 6 айда 955 адам жол-көлік оқиғасынан қайтыс болғанын жазған болатынбыз.