Астанада өткен пара хоккейден әлем чемпионаты аяқталды
Астанада өткен пара хоккейден әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Елімізде алғаш рет өткен әлем чемпионатына бас аяғы 6 команда қатысты,деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Финляндия, Словакия, Швеция, Ұлыбритания, Жапония және Қазақстан құрамалары өнер көрсетті.
Қазақстан ұлттық құрамасының кеңесшісі Николай Шаршуковтың айтуынша ойын барысында Қазақстан құрамасы В дивизиондық орнын сақтай отыра, әлемдік деңгейдегі доданы сәтті аяқтады.
Кез-келген жарыста әр команда жеңіске жетуге ұмтылады. Оның үстіне 2021 жылы ғана құрылған команда бір жыл ішінде С дивизионында 2-орын алды.
Ойыншылар осы қарқынмен жоғарғы лигаға үмітті болды. Дегенмен жарыс барысы Қазақстанның лайықты деңгейін көрсетті. Алдағы уақыттағы жоспарымыз 2024 жылы В дивизионының кезекті ойындары өтеді.
Әзірге біздің мақсатымыз – әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалып, биылғыдан қарағанда жақсы нәтиже көрсету, - дейді Николай Шаршуков.
Чемпионаттың соңғы ойынында еліміздің спортшылары Ұлыбритания командасын 4:3 есебімен жеңіп, турнирдің жалпы рейтингінде төртінші орынға тұрақтады.
Жарыстың нәтижесі бойынша Жапония мен Словакия құрама командалары А-pool пара хоккейден әлем чемпионатына қатысуға жолдама алды.
Жарыстың ұйымдастырушылары – ҚР Туризм және спорт министрлігі, SportQory, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Қазақстан халқына» қоры, Қазақстанның Ұлттық паралимпиада комитеті және Астана қаласының спорт басқармасы.