Астанада "Антиконтрафакт-2026" форумында адал жұмыс істейтін MLM-компаниялардың критерийлері таныстырылды
Желілік және рефералдық кәсіпкерлік нарығының өзекті мәселелері қаралды.
Елордада өткен XIV халықаралық "Антиконтрафакт-2026" форумы аясында MLM және рефералдық бизнес нарығының ашық әрі заңды дамуы мәселелері талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Форум дәстүрлі түрде ЕАЭО кеңістігіндегі зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, контрафактілік өнімдермен күрес, цифрлық бақылау және адал бәсекелестік мәселелерін талқылайтын ірі алаңдардың бірі саналады. Биылғы іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, бизнес өкілдерінің және сарапшылар қауымдастығының мүшелері қатысты.
Форумның құрметті қонақтары қатарында Қазақстан Республикасы Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев, Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақыт Сұлтанов және Еуразиялық патенттік ведомствоның президенті Григорий Ивлиев болды.
Форум аясында екінші жыл қатарынан «Көлеңкелі тәсілсіз MLM: заңдылық, ашықтық, сенім» атты пікірталас сессиясы ұйымдастырылып, желілік және рефералдық кәсіпкерлік нарығының өзекті мәселелері қаралды.
Қатысушылардың айтуынша, соңғы жылдары ЕАЭО елдерінде тікелей және рефералдық сатылымдар нарығына қызығушылық айтарлықтай артқан. Дүниежүзілік тікелей сатылым қауымдастықтары федерациясының (WFDSA) мәліметінше, өңірдегі саланың жиынтық көлемі 2 миллиард доллардан асады. Оның ішінде Ресей нарығы шамамен 1,36 миллиард долларды, ал Қазақстан нарығы 682 миллион долларға жуық көлемді құрайды.
Қазақстан бүгінде ЕАЭО кеңістігіндегі негізгі нарықтардың бірі саналады. Сонымен қатар бұл сала цифрлық экономикамен, электронды коммерциямен және әлеуметтік желілер арқылы жүргізілетін саудамен барған сайын тығыз ықпалдасып келеді.
Талқылауға мемлекеттік органдардың, халықаралық қоғамдық ұйымдардың, ірі MLM-компаниялардың, маркетплейстердің және салалық сарапшылардың өкілдері қатысты.
Сессияның негізгі нәтижелерінің бірі ретінде Халықаралық «Антиконтрафакт» қауымдастығының бейінді комитеті сарапшылар және сала өкілдерімен бірлесіп әзірлеген адал жұмыс істейтін MLM-компаниялардың критерийлері таныстырылды.
Ұйымдастырушылардың түсіндіруінше, бұл критерийлер тұтынушылар мен әлеуетті серіктестерге заңды бизнесті күмәнді тәсілдерден ажыратуға және компаниялардың ашықтық деңгейін бағалауға мүмкіндік береді.
Жүйе «бағдаршам» қағидаты бойынша әзірленген. «Қызыл аймаққа» енгізілген STOP-критерийлердің кем дегенде біреуі анықталған жағдайда, компанияның сенімділігіне күмән туындайды.
Мұндай белгілердің қатарында:
- қаржылық есептіліктің ашық болмауы;
- тауарлардың міндетті цифрлық таңбалауының болмауы;
- нақты өнімнің болмауы;
- адал емес жұмыс схемаларының белгілері бар болуы.
Критерийлердің толық тізімі алдағы уақытта «Антиконтрафакт» қауымдастығының ресми сайтында жарияланады. Кейіннен олар MLM-компаниялардың салалық рейтингтерін қалыптастырудың негізіне айналмақ.
Пікірталасқа қатысушылар бірыңғай критерийлерді енгізу нарықтың ашықтығын арттырып, тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және бизнес үшін түсінікті әрі ортақ ережелер қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
Сессия барысында адал MLM-компаниялар хартиясына қол қою рәсімі де өтті. Бұл құжат компаниялар мен олардың серіктестерінің этикалық және іскерлік қағидаттарын ерікті түрде бекітуді көздейді.
Хартияның негізгі қағидаттары:
- серіктестерді компаниялар арасында әділетсіз жолмен тартудан бас тарту;
- кепілдендірілген табыс туралы уәде бермеу;
- өнімнің қасиеттері мен бизнестің мүмкіндіктері жөнінде шынайы ақпарат тарату.
Хартия қағидаттарын ұстануға дайын екендерін алғашқылардың бірі болып NL компаниясының өкілдері мен салалық сессияға қатысушылар растады.
Халықаралық «Антиконтрафакт» қауымдастығының бірінші вице-президенті Байсолт Хамзатовтың айтуынша, MLM индустриясы біртіндеп ашық әрі технологиялық бағытқа бет бұрып келеді.
Хартияға қол қою және сенімділік критерийлерін енгізу нарықтың «көлеңкелі тәсілдерінен» арылып, тұтынушылар сенімін арттыруына мүмкіндік береді, – деді ол.
NL компаниясының өкілі Алексей Кабанов бүгінде заманауи MLM-компанияларды цифрлық экономиканың бір бөлігі ретінде қарастыруға болатынын айтты.
Қазіргі MLM-компаниялардың қызметі дәстүрлі бизнестен айтарлықтай ерекшеленбейді. Бұл – өндіріс, сертификаттау, зертханалар, салық төлеу, цифрлық платформалар, маркетинг, ғылыми зерттеулер мен сапаны бақылау жүйелері. Негізгі айырмашылық өнімді өткізудің тәсілінде. Яғни дәстүрлі жарнама мен бөлшек сауда орнына ұсыныстар мен серіктестік желі қолданылады. Сондықтан бүгінде MLM емес, рефералдық бизнес туралы айту дұрысырақ, – деді Алексей Кабанов.
Компания мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда NL платформасына 56 мыңнан астам адам қосылған. Ал 2026 жылдың мамыр айында жаңа серіктестер мен клиенттердің саны 31 мыңнан асты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша «Астана стор» ЖШС-нің табысы 21 миллиард теңгеден асып, бюджетке төленген салық көлемі 2 миллиард теңгеден жоғары болған.
Алексей Кабановтың айтуынша, бүгінде MLM нарығы айтарлықтай өзгерген. Қазіргі таңда тек тікелей сатылымға немесе классикалық желілік маркетингке сүйеніп жұмыс істейтін компаниялар азайған.
Мысалы, NL компаниясы 2023 жылы рефералдық бизнестің жаңа моделіне көшкен. Бұл жүйеде серіктестер тікелей сатумен айналыспайды, керісінше өз ұсыныстары арқылы жасалған сатып алулар үшін сыйақы алады. Компания өз тарапынан өнімді, IT-жүйелерді, оқытуды, логистиканы және клиенттерге қызмет көрсету инфрақұрылымын қамтамасыз етеді.
Пікірталас барысында қатысушылар ЕАЭО елдеріндегі заңды микрокәсіпкерлікті дамыту, саланы цифрландыру және өзін-өзі жұмыспен қамту бағытындағы рефералдық платформалардың рөлін талқылады.
Сарапшылардың пікірінше, еңбек нарығы өзгеріп, экономикада автоматтандыру үдерісі күшейіп жатқан кезеңде заңды желілік және рефералдық бизнес платформалары халықты ресми экономикаға тартудың, қосымша табыс көздерін қалыптастырудың және әсіресе өңірлерде микрокәсіпкерлікті дамытудың маңызды құралдарының біріне айналып келеді.