Кеше 2026, 21:50 Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада Отан қорғаушылар күні Open Air концертімен қорытындыланды

Қала тұрғындары балалар ойын аймақтарын, спорттық белсенділіктерді, интерактивті бағдарламаларды және жәрмеңкені тамашалады.

Астана қаласында Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік іс-шаралар ауқымды Open Air концертпен қорытындыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Астана Арена стадионы маңында өткен ашық аспан астындағы концертке мыңдаған тұрғын мен қала қонағы жиналды. Мерекелік бағдарлама таңғы уақыттан басталып, келушілер үшін түрлі ойын-сауық және мәдени алаңдар ұйымдастырылды.

Қала тұрғындары балалар ойын аймақтарын, спорттық белсенділіктерді, интерактивті бағдарламаларды және жәрмеңкені тамашалады. Сонымен қатар ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарының көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.

Кештің басты оқиғасы қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен үлкен концерт болды. Сахнада Маржан Арапбаева, Raim, BAYANSULU, Досымжан Таңатаров, Қайрат Байкенов, DOS, DiEra және JOSHY QAZAQ NATIONAL GROUP өнер көрсетті.

Концерт барысында көрермендер танымал әндерді бірге орындап, мерекелік көңіл күйге бөленді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кештің басты мақсаты – патриоттық құндылықтарды насихаттап, әскери қызметтің маңызын дәріптеу.

Айта кетейік, елордада Отан қорғаушылар күніне орай концерттер, көрсетілімдер және түрлі қоғамдық акциялар ұйымдастырылды.