Астанада "Орталық Азия – Қытай" медиафорумы өтіп жатыр

Елордада "Орталық Азия – Қытай" медиафорумы өтіп жатыр. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов Қазақстан мен Қытай арасындағы медиа ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму келешегі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Екіжақты тұрақты кездесулер мен ортақ жобалардың жүзеге асуы Қазақстан мен Қытай арасындағы медиа әріптестіктің тек сақталып қана қоймай, жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетеді. Бұл өзара сенімді нығайтып, аймақтық әрі жаһандық бастамаларды жүзеге асыруға тың мүмкіндіктер ашуда. Осындай процестерде медиа алаңдардың орны ерекше. Мәселен, жуырда Қытайда өткен маңызды шараға отандық медиа өкілдерінің қатысуы – осының нақты көрінісі. Биыл Қазақстан делегациясы Қытайдың Цюйфу қаласында өткен, China Media Group ұйымдастырған IV жаһандық медиа инновациялар форумына қатысты. Бұл — екі ел арасындағы медиа серіктестіктің кезең-кезеңімен дамып, тереңдеп келе жатқанының дәлелі. Ақпарат алмасумен қатар, біз бүгінде өзара байланыс орнаған толыққанды коммуникациялық кеңістіктің қалыптасып жатқанын байқаймыз, - деді Кочетов "Орталық Азия – Қытай" медиафорумы барысында.

Вице-министр соңғы жылдарда жүзеге асқан маңызды жетістіктердің бірі ретінде Хоргос шекара маңындағы халықаралық ынтымақтастық орталығы базасында бірлескен баспасөз орталығының ашылуын атап өтті.

Мемлекет басшыларының екі ел астаналарында мәдени орталықтар құру бастамасы елдеріміз арасындағы мәдени байланыстарды жаңа белеске көтерді. Бұл орталықтар ұлттық мәдениетті танытудың және гуманитарлық серіктестікті тереңдетудің әмбебап құралына айналуда. Қазіргі үрдістерге сай, медиа мен креативті индустриялар күрделі өзгерістер кезеңіне аяқ басты. Цифрландыру, платформалық экономиканың дамуы, жасанды интеллекттің ықпалы және пайдаланушы жасаған контенттің артуы – бұлардың барлығы медианың табиғаты мен тұтыну формаларын, сондай-ақ кәсіби талаптарды түбегейлі өзгертіп жатыр, - деп түсіндірді ол.

Кочетовтың айтуынша, Қазақстан мен Қытай заманауи медиа платформалар арқылы ұлттық мәдениетті ілгерілетуге бағытталған жобаларды табысты жүзеге асырып келеді.

Бүгінгі медиафорум өзара тәжірибе алмасуға қосымша мүмкіндік беріп, екіжақты ынтымақтастықты тереңдете түседі деп сенемін. Алдағы міндет – сапалы контент өндіруге басымдық беріп, бірлескен медиа өнімдерді кеңінен дамыту. Қазірдің өзінде бізде бірқатар сәтті жобалар іске асты: бірлескен премьералар, трансляциялар, ток-шоулар. Мысалы, “Хабар” арнасы Қытайлық әріптестерімен бірге деректі фильм түсіріп жатыр. Болашақта БАҚ пен мәдени жобалар аясындағы әріптестікті одан әрі дамыта отырып, біртұтас ақпараттық кеңістік құруға және байланыстарымызды нығайтуға ықпал етеміз, - деп айтты Евгений Кочетов форумда.

Форумды Қытайдың "Жэньминь жибао" газеті ұйымдастырып жатыр. Бұл іс-шараға Орталық Азия елдерінен де ондаған БАҚ өкілдері қатысуда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы