Астанада өрт сөндіру қызметі жаңарады: Жаңа техника мен арнайы тұрақтар пайда болады
«Өрт қауіпсіздігінің онкүндігі» аясында Астанада Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов тұрғын үй аулаларындағы өрт сөндіру техникасының қозғалысына қатысты жаңа талаптар енгізілгенін мәлімдеді. Енді жаңадан салынатын тұрғын үйлерде өрт сөндіру көліктеріне арналған арнайы орындар қарастырылып, құтқарушылар жолды бөгеген автокөліктерді арнайы құрылғылармен жылжыта алады. Сонымен қатар елордада 20-қабатқа дейін көтерілуге мүмкіндік беретін жаңа өрт сөндіру көлігі таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңа тұрғын үйлерде өрт сөндіру техникасына арналған орындар болады
Нормативтік-құқықтық актілерге енгізілген өзгерістерге сәйкес, жаңадан салынып, пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің аумағында өрт сөндіру техникасына арналған арнайы орындар қарастырылуы тиіс. Бұл талап өрт сөндіру көліктерінің тұрғын үй аулаларына кедергісіз кіруіне және шұғыл шақыртулар кезінде жедел әрекет етуіне мүмкіндік береді.
Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұхановтың айтуынша, жаңа норма заңды күшіне енген. Ал бұрыннан пайдалануға берілген тұрғын үйлерде арнайы орындар Төтенше жағдайлар департаменті мен мүлік иелерінің бірлестіктері (МИБ), пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) өкілдері бірлесіп жүргізетін жұмыс арқылы белгіленеді.
Мұндай орындардың бірі елорданың Есіл жағалауындағы Grand Alatau тұрғын үй кешенінің ауласында белгіленді. Өрт сөндіру техникасына арналған аумақ қызыл-ақ түсті арнайы жол таңбасымен көрсетілген.
Министрдің сөзінше, әсіресе түнгі уақытта тұрғындардың көліктерін аулаларға ретсіз қоюы өрт сөндірушілердің жұмысына кедергі келтіреді. Шұғыл шақырту түскен кезде арнайы техниканың тұрғын үйге жақындауы қиындайды.
Жаңа қабылданған норма жаңадан құрылысы аяқталған нысандарға қолданылады. Ал бұған дейін пайдалануға берілген тұрғын үйлерде Төтенше жағдайлар департаменті, МИБ пен ПИК өкілдері бірлесіп жұмыс жүргізеді. Олардың қолдауымен арнайы орындар белгіленіп жатыр, – деді Мұрат Мұханов.
Арнайы орындарға өзге көліктерді қойған жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Министрдің мәліметінше, мұндай заңбұзушылық үшін алғаш рет 5 айлық есептік көрсеткіш, қайталанған жағдайда 10 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Бұл мәселе Ішкі істер министрлігінің құзыретіне жатады.
Өрт сөндірушілер жолды бөгеген көліктерді арнайы құрылғымен жылжытады
Тұрғын үй аулаларындағы көлік кептелісі мен өрт сөндіру техникасының қозғалысына кедергі келтіретін автокөліктер мәселесін шешу үшін арнайы құрылғы сатып алынған. Оның көмегімен жолды бөгеп тұрған жеңіл көліктерді орнынан жылжытуға болады.
Министрдің айтуынша, құрылғы Қытайдан әкелінген. Қазір оны пайдалану тиімділігі тексеріліп жатыр. Алдағы уақытта мұндай жабдықтарды әрбір өрт сөндіру бөліміне сатып алу жоспарланған.
Біз бұл құрылғыны алғаш рет сатып алып, оның тиімділігін тексеріп жатырмыз. Алғашқы нәтижесін көріп отырмыз. Алдағы уақытта әрбір өрт сөндіру бөліміне осындай құралдарды сатып алуды жалғастырамыз, – деді министр.
Арнайы құрылғы бірнеше көлік қатарынан қойылған жағдайда да қолданылады. Құтқарушылар алдымен өрт сөндіру техникасының жолын бөгеп тұрған бірінші көлікті жылжытып, арнайы техниканың қозғалысына мүмкіндік жасай алады.
Мұндай жабдықтарды тек Астанада ғана емес, көпқабатты тұрғын үйлер шоғырланған өзге қалаларда да қолдану жоспарланып отыр. Кейбір өңірлерде осы мақсатта эвакуаторлар пайдаланылады.
Жаңа өрт сөндіру көлігі 20-қабатқа дейін көтеріледі
Елордада биік ғимараттардағы өртті сөндіруге арналған жаңа өрт сөндіру көлігі таныстырылды. Оның автосаты 60 метр биіктікке дейін көтеріле алады. Бұл шамамен 20 қабаттағы нысандарға жетуге мүмкіндік береді.
Министрдің мәліметінше, мұндай 60 метрлік техника Астанада төртеу. Жаңа көліктің мүмкіндіктері таныстырылып, автосатының жұмысы көрсетілді.
Сонымен қатар елордада бұдан да биікке көтеріле алатын өрт сөндіру техникасы бар. Астанадағы ең биік автосатының ұзындығы 90 метрге жетеді. Ол 60 метрлік техникадан бөлек, жоғары қабаттарда болған өрт кезінде қолдануға арналған.
Министрдің айтуынша, Астанадағы ең ескі өрт сөндіру көлігі 2022 жылы шығарылған. Бұл елордадағы өрт сөндіру техникасы паркінің жаңартылғанын көрсетеді.
Сонымен қатар ТЖМ төтенше жағдайлар кезінде дрондарды да пайдаланады. Министрдің мәліметінше, оларды қыс мезгілінде де қолдануға болады.
Мұрат Мұханов тұрғындарды көліктерін тұраққа қойған кезде өзге адамдардың да қауіпсіздігін ескеруге шақырды. Оның айтуынша, өрт сөндіру техникасының жолын бос қалдыру – төтенше жағдай кезінде адам өмірін сақтап қалуға ықпал ететін маңызды талап.