Астанада оқушылардың қауіпсіздігі мен тәртібі ЖИ арқылы бақыланады

Астанадағы №107 мектеп – жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолданып жатқан білім ордаларының бірі. Мұнда бейнебақылау камераларына ЖИ жүйесі орнатылған. Жүйе балалардың қауіпсіздігі мен тәртібін жіті назарда ұстайды, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Астананың Есіл ауданында орналасқан білім ордасы 2024 жылы ашылған. Мұнда бүгінгі таңда 847 оқушыға 63 педагог білім береді. Толықтай цифрлық жүйеге көшкен мектепте бейнебақылау камераларына жасанды интеллект жүйесі орнатылған.

Қыркүйек айынан бастап біз ЖИ негізіндегі мектеп моделін жүзеге асыруды бастадық. Жоба аясында мектептің бейнекамераларына ЖИ мүмкіндіктері енгізілді. Ол үшін біз «Protector AI» компаниясымен келісімшарт жасастық. Нәтижесінде олар бізге жаңа құрылғыларды эксперимент ретінде орнатты, - деді мектеп директоры Айгүл Бейсенбина.

Оның айтуынша, мектепте балалардың тәртібі мен қауіпсіздігін ЖИ жүйесі орнатылған бейнебақылау камералары жіті назарда ұстайды.

Бұл мектеп қабырғасында оқушылардың агрессивті әрекеттерін бірден байқайды. Мәселен егер балаға өзге қатарласы күш көрсетсе, болмаса ол мектепте ереже бұзса, жасанды интеллект камералары бірден жазбаны мектеп директорына, яғни маған жолдайды. Кейін біз оқиғаға қатысты балалардың ата-аналарын мектепке шақыртып, түсіндіру жүргіземіз, - деді басшы.

Сондай-ақ, бұл камералар оқушының көңіл-күйін анықтап отырады.

Егер оқушы 5 реттен артық ашулы болып жүрсе, онда педагог қосымша жұмыстар жүргізеді. Мәселен оқушыға тренингтер өткізеді. Бұл жүйе көмекші құрал ретінде қыркүйек айында іске қосылды. Мұндағы мақсат – кез келген оқиғаның салдарымен күресу емес, керісінше олардың алдын алу. Мектепте жыл сайын бала саны артып жатыр. Оқу ордасы ашылған уақытта 242 оқушы болса, қазір олардың саны 847-ге жетті. Алдағы уақытта 1 200-ге дейін артады деген жоспар бар. Әлбетте, мектепте барлық жерде бейнебақылау камерасы орнатылған. Алайда олардың барлығын қарап отыру мүмкін емес. Ал ЖИ негізіндегі бейнебақылау камералары бірден оқиға туралы ескертіп отырады, - деді директор.

Мектеп директорының айтуынша, жасанды интеллект білім сапасын арттыруда да көп септігін тигізіп отыр.

Жасанды интеллект негізіндегі мектеп моделінің мақсаты – оқушылардың қауіпсіздігін ғана қамтамасыз ету ғана емес, білім беру сапасын арттыру. Сол бағытта педагогтер былтыр мамыр-қыркүйек айларында ЖИ мүмкіндіктерін меңгеру курстарынан өтті. Нәтижесінде мұғалімдер сабақтарын қызықты әрі тиімді, пайдалы өткізу үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолданып жүр. Тіпті бүгінгі таңда әр педагогтің жеке жинақтары бар. Онда пән сабақтары бойынша виртуальды зертханалар, тапсырмалар, тесттер енгізілген. Сабақ барысында оқушы теориялық білімді практикамен ұштастырады. Жаңа тақырыптарды соңында тест тапсырмаларымен бекітеді. Тест тапсырмаларын да ұстаздар ЖИ арқылы жасайды. Кейін оны оқушылар онлайн орындайды. Осылайша мұғалім тест құрастыру, оны тексеру бойынша біраз уақытын үнемдейді, кейін ЖИ баланың пән бойынша білімін арттыру жайлы мұғалімге бағыт-бағдар береді. Тағы бір айта кетерлігі, ұстаздар қауымы осындай түрлі конкурсқа қатысып, жүлделі орындар иеленіп жатыр. Бастысы олар бұл бағытта зерттеушілік жұмыстарымен айналысады, - деп бөлісті Айгүл Базарбайқызы.

Тағы бір айта кетерлігі, мектептің бірінші қабатында кіреберісінде үлкен LED-экран орналасқан. Мұнда ЖИ-гиді келушілерге білім ордасы жайлы барлық ақпаратты айтып береді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Астана қаласының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы