Астанада оқушылар қоғамдық көлікте қалай тегін жүреді?
Астанада 7-18 жас аралығындағы оқушылар қоғамдық көлікте тегін жүру үшін мектеп оқушысына арналған көлік картасын рәсімдеуі қажет. Картаны алғаш шығару құны – 1 200 теңге.
Оқушының жол жүру картасын кімдер рәсімдей алады?
finratings сайты хабарлағандай, Астанадағы 7-18 жас аралығындағы білім алушылар, сондай-ақ елорданың тасымалдаушылары қызмет көрсететін қала маңындағы аймақтарда оқитын оқушылар қоғамдық көлікте тегін жүре алады.
Бұл ретте негізгі шарт – мектеп оқушысына арналған көлік картасының болуы және оны валидациядан өткізу.
Картаны рәсімдеу үшін қандай құжаттар қажет?
Астаналық оқушы үшін мектеп картасын рәсімдеу кезінде мына құжаттар қажет:
- баланың ЖСН-ы көрсетілген туу туралы куәлігі немесе 16 жастан асқан балалар үшін жеке куәлік;
- оқу орнынан анықтама;
- 3×4 форматындағы фотосурет.
Картаны алғаш шығару құны – 1 200 теңге.
Қала маңындағы аймақтарда оқитын балалар үшін де талаптар осындай. Картаны алғаш шығару және қайта шығару құны 1 200 теңгені құрайды.
Картаны онлайн рәсімдеуге бола ма?
Мектеп оқушысына арналған көлік картасына өтінішті онлайн беруге болады.
Өтініште оқушының ЖСН-ы, оқу орнының нөмірі мен толық атауы, тегі, аты, әкесінің аты, телефон нөмірі, электронды поштасы және туған күні көрсетіледі.
Сонымен қатар оқу орнынан анықтама, баланың ЖСН-ы көрсетілген туу туралы куәлігі және фотосурет қоса тіркеледі.
Фотосуретке қойылатын талаптар да бар: фон ақ болуы, бала камераға тура қарауы және бас киімсіз түсуі керек. Фото JPG немесе PNG форматында қабылданады, файл көлемі 20 Мб-тан аспауы тиіс.
Өтініш жіберілгеннен кейін төлем жасау бетіне өту қажет. Квитанция мен картаның дайын болғаны туралы хабарлама электронды поштаға жіберіледі.
Өтінішті өңдеу мерзімі – 5 жұмыс күніне дейін.
LRT-мен жүру үшін бөлек карта керек
Астаналық 7-18 жастағы оқушылар үшін LRT-да жүруге арналған атаулы көлік картасы қарастырылған. Оның жасалу құны – 1 200 теңге.
Бұл картаға да онлайн өтініш беруге болады. Ол үшін қажетті мәліметтерді толтырып, құжаттарды жүктеп, картаны алатын пунктті таңдау қажет.
LRT картасын рәсімдеу үшін оқу орнынан анықтама, баланың ЖСН-ы көрсетілген туу туралы куәлігі және фотосурет қажет.
Маңыздысы – LRT-ға арналған атаулы карта тек LRT-да жүруге жарамды. Ол қалалық және қала маңындағы автобус бағыттарында қолданылмайды.
2026 жылғы 16 мамырдан бастап LRT станцияларында да атаулы көлік картасын рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған.
Кәдімгі жолаушылар үшін жолақы қанша?
Астанада тұрақты жолаушылар үшін айлық жол жүру карталарының құны:
- «Қала» – 7 500 теңге;
- «Қала + экспресс» – 10 000 теңге;
- «Қала + қала маңы» – 9 500 теңге.
Ал бір реттік жол жүру ақысы 110 теңге болған жағдайда, бала мектепке барып-қайтқанда күніне екі рет көлік пайдаланса, 22 оқу күніне айына шамамен 4 840 теңге жұмсалады.
Егер оқушы сабақтан кейін үйірмеге барып, кейін үйіне қайтса және күніне төрт рет қоғамдық көлік пайдаланса, ай сайынғы шығын шамамен 9 680 теңгеге жетеді.
Мектеп картасы тек жол жүруге арналмаған
Мектеп оқушысының көлік картасы әмбебап карта ретінде қолданылады. Оның көмегімен автобуста жолақысын төлеуге, мектепте турникет жүйесі болған жағдайда қауіпсіздік жүйесінен өтуге, сондай-ақ мектеп асханасы мен буфетінде тамақ ақысын төлеуге болады.
Бұл ретте жол жүру мен тамақтануға арналған қаражат екі бөлек шотта сақталады. Сондықтан жол жүруге арналған ақша мектептегі тамақ үшін төлем жасау кезінде алынбайды.