16 Қыркүйек 2026, 23:55 Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада оқушылар кітапты ЖИ-мен бірге талқылайтын жоба іске қосылды

Жоба барысында балаларға Кітапбек атты жасанды интеллект кейіпкері көмектеседі.

Астанадағы №115 мектепте кітап оқу мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін ұштастыратын «BookTalk AI» авторлық жобасы іске қосылды.

«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясындағы бастама оқушылардың кітапқа қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Жоба барысында балаларға Кітапбек атты жасанды интеллект кейіпкері көмектеседі. Ол оқушылар таңдаған шығармаларды оқуға, мазмұнын талқылауға, кейіпкерлердің әрекеттеріне баға беруге және туындаған сұрақтарға жауап іздеуге көмектеседі.

«BookTalk AI» сабақтары әр бейсенбі сайын өткізіледі. Оқушылар шығарманың негізгі идеясын анықтап, кейіпкерлер туралы пікір білдіріп, өз ойын еркін жеткізуге дағдыланады.

Жобада жасанды интеллект дайын жауап беретін құрал ретінде емес, баланы ойлануға, сұрақ қоюға және ізденуге ынталандыратын көмекші ретінде қолданылады.

Мектеп ұжымының айтуынша, бастаманың мақсаты – технологияны кітаптың баламасына айналдыру емес, керісінше, оның көмегімен балалардың кітап оқуға қызығушылығын, оқу сауаттылығын, сыни және креативті ойлау қабілетін дамыту.