Астанада өңірлердің ТКШ саласындағы өзекті мәселелері қаралды
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев облыстық әкімдіктердің өкілдерімен кездесіп, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың мәселелерін қарастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесуге өңірлік әкімдіктердің өкілдері, ҚР ИИДМ Құрылыс істері және ТКШ комитетінің төрағасы Т.Қарағойшин, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары А.Мұхамеджанов, «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ төрағасы А.Күздібаев, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдары мен құрылыс компанияларының өкілдері қатысты.
Оның барысында өңірлердің тұрғын үй-коммуналдық секторындағы қордаланған мәселелері талқыланып, сондай-ақ 2023 жылға арналған даму жоспарлары таныстырылды. ИИДМ басшысы айтқандай, ТКШ саласында тәртіп орнату мен тұрғын үй кешенін жаңарту жергілікті атқарушы органдардың табысты қызметінің басты өлшемдерінің бірі саналады. Сондықтан министр бұл жұмыстың ұзақмерзімді жүйелі шешімдердің негізінде құрылуы тиіс екенін айтты.
Бұдан бөлек аталған кеңесте ТКШ қызметтерінің сапасын жақсарту жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру мен тарифтерді белгілеудің мәселелері де қозғалғанын айта кеткен орынды. Осы ретте облыстық әкімдіктерге өңірлердегі коммуналдық тарифтерді қадағалап, мемлекеттік тұрғын үй инспекцияларының жұмысын барынша тиімді ұйымдастыру тапсырылды.