Астанада өндіріске қажет әзірлемелер таныстырылды

Астанада "Электр машина жасау саласындағы инновациялық жобаларды коммерцияландыру" конференциясы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Онда энергетикалық жүйелердің тиімділігі мен сенімділігін едәуір жақсартатын соңғы технологиялар таныстырылды.

Конференция «Ғылым қоры» АҚ қолдауымен «Азия Трафо» ЖШС, «Энергия» ҒЗЖІИ АҚ, «Trenco R&D» ЖШС ұйымдастыруымен өтті.

Орта Азияда баламасы жоқ зауыт

Asia Trafo – 2019 жылы ашылған Шымкент қаласындағы ірі зауыт. Оның Орта Азияда баламасы жоқ. Қазір онда 265 адам жұмыс істейді.

Біздің зауыттың ерекшелігі Қазақстанда ғана емес, Орта Азияда мұндай зауыт жоқ. Себебі кернеуі 110, 220, 500 кВт-қа дейін үлкен трансформатор шығаруға мүмкіндігіміз бар. Зауыт ашылғанға дейін ондай үлкен трансформаторлар шетелдік өндірушілерден импортталатын. Зауыт ашылғалы бері Қазақстанның үлкен трансформаторларға қажеттілігін өзіміз жауып жатырмыз, - деді Asia Trafo зауыты төрағасының орынбасары Дәуірбек Әтеев.

Ол шетелден сатып алынған трансформаторлардың Қазақстанның электр жүйесіне жарамайтынын жеткізді.

Қазақстан – аумағы үлкен ел. Біздің электр жүйесі тұрақты емес, онда әртүрлі режимдер болады. Стандартқа сай емес, апатты режимдер. Сондай жағдайларда трансформатор шыдап беру керек, күйіп кетпеу керек жалпы айтқанда. Бірақ шетелден келген жабдық сол жақта жұмыс істеуге арналған. Оларға Қазақстан жүйесінде жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ. Сондықтан ол жабдықтар 1 жыл, жарты жыл, 2 ай істеген соң күйіп кетіп жатыр, - деді Әтеев.

Ол күйіп кеткен 25 импорттық трансформатор Asia Trafo зауытында жөнделгенін айтты.

2023 жылы біз Қазақстандағы 500 кВ-тық ең ірі трансформато рды жасап шығардық. Сондай-ақ зауыттың өнімдерін Ресей, Украина, Өзбекстан, Әзербайжан, Армениядан тапсырыс бойынша сатып алады, - деді ол.

Әтеев компанияның жаңа жобасы – металлургиялық зауыттарға арналған электр пештерінің түрлендіргіштерімен де таныстырды. Бұл түрлендіргіштер төтенше жағдайларда, соның ішінде электр жүктемесінің артуы мен қысқа тұйықталу кезінде жұмыс істеуге арналған. Оларды енгізу металлургиялық зауыттардың жұмыс тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ металлургиялық пештерге қажетті энергияны бақылау мен түрлендіруді жақсартуға көмектеседі.

Электр пештерінің инновациялық түрлендіргіштерін құру қаржылық және материалдық ресурстарды үнемдеуді қамтамасыз етіп қана қоймай, технологиялық дамуды жеделдетеді. Қазақстанның металлургия саласының қауіпсіз және тұрақты жұмысына, оның әлемдік нарықтағы орны мен бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға кепілдік береді, – деп атап өтті Әтеев.

Жаңашыл жел қондырғысы

Біздің таныстырып отырған жобамыз инновациялық жел қондырғысы. Жел қондырғысының дәстүрлі түрлері бар. Оларда қалақша, оған тікелей байланысқан беріліс қорабы және тоқ өндіретін генератор болады. Ал біздің енгізіп отырған жаңалығымыз генераторды толығымен өзіміз жасаймыз. Ол тұрақты магнитте жұмыс істейтін генератор болады және қалақшамен генераторды қосатын беріліс қорабын да тұрақты магниттен жасап, тиімділігін арттырып отырмыз, - деді Энергия институтының ғылыми-зерттеу бөлімінің жоба жетекшісі Нұрбол Арынов.

Сондай-ақ қондырғы желдің бағытын, температураны және бұзылулардың алдын алу үшін басқа параметрлерді бақылайтын басқару жүйесімен жабдықталған.

Үшінші жаңалығымыз осы жүйені басқаратын және мониторинг жасайтын басқару жүйесі. Аталған жел қондырғысын іске қосу үшін минималды жел жылдамдығы 2,5 метр/секунд болса, соның өзі жеткілікті. Ал 12 метр/секунд жылдамдықта жел қондырғысы өзінің толық қуатын бере алады. Инновациялық беріліс қорабының беріліс коэффициенті – 5,667, - деді Арынов.

Яғни генератор ауа райының қолайсыз жағдайында да тұрақты түрде электр энергиясын өндіреді. Осындай генераторлардың бірі шағын үйлерді немесе кәсіпорындарды жылына 16 МВт/сағ таза энергиямен қамтамасыз ете алады деп күтіледі.

Айта кетейік, ұсынылған жобаларға «Ғылым қоры» АҚ және Alageum Electric компаниялар тобының жеке қаражаты арқылы қолдау көрсетіледі. 2019-2023 жылдар аралығында Alageum Electric компаниясы ғылыми-зерттеу жұмыстарына 2,4 миллиард теңгеден астам инвестиция салған. Нәтижесінде, Қазақстан зауыттарында 100-ден астам конструкторлық әзірлемелер өндірісте қолданылып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы