Астанада оқушылар арасында робототехника сайысы өтті

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Елордада оқушылар арасында республикалық «Kazakhstan Robotics Challenge 2019» робототехника сайысы өтті.

Жыл сайын «Білім-инновация» Халықаралық қоғамдық қоры Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен оқушылар арасында «Kazakhstan Robotics Challenge» робототехника сайысын өткізіп келеді. Білгірлердің бәсекесі осымен Астанада төртінші рет ұйымдастырылды.

KRC 2019 – Қазақстанның бүкіл облысындағы мектеп оқушыларының робототехника саласы бойынша талдамалық және дизайнерлік дағдыларын көрсетуге мүмкіндік беретін бірегей алаң. Бұл сайыстан үздік шыққан оқушылар «Infomatrix» халықаралық жарысына жолдама алса, жарысқа қатысушы 11-сынып жүлдегерлеріне Астана Халықаралық университетінің оқу гранты берілді.

Республикалық шараға 170 команда, барлығы 270-тен астам оқушы қатысып, 7 санат бойынша бақ сынады. Олар: Lego Mission (5 минут ішінде берілген 6 тапсырманы орындау), Lego Mini Sumo (салмағы 1 кг-ға дейінгі роботты аренадан ығыстырып шығару), Lego Grand Sumo (салмағы 2 кг-ға дейінгі роботты аренадан ығыстырып шығару), Lego Labyrinth (лабиринттің соңына дейін жылдам жету), Arduino Hackathon (роботтармен басқарылатын радиомашина құрастыру), Coding Hackathon for ladies және соңғысы mBot Football Tournament (роботтар футболы).

«Республикалық деңгейде өткен робототехника сайысы біздің болашағымыз - жастар үшін керемет мүмкіндік. Осындай іс-шараларда жаңа әрі креативті идеялар пайда болады. Әрине, қандай да бір жаңашылдық еліміздің дамуына өз септігін тигізеді. Алдағы уақытта жастар осындай жобаларды әрі қарай дамытып, өз елімізден Стив Джобс, Илон Маск секілді тұлғалар шықсын деген ниеттеміз», - деді Білім жəне ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариев.

Сайысқа қатысушылар арасында қыздар да аз емес. Олардың қатарында Дарынды қыз балаларға арналған Алматы «Білім-инновация» лицейінің 8-сынып оқушылары Диана Өмірзақова мен Алина Новикова бар.

«Біз жарысқа биыл бірінші рет қатысып отырмыз. Жарыста mBot Football Tournament (роботтар футболы) бөлімі бойынша бақ сынаймыз. Қарсыластарымыз осал емес. Өйткені көбісі жақында Тараз қаласында өткен осындай жарысқа қатысып, тәжірибе жинақтаған. Алайда, біз жеңіске құштармыз», - деді ашылу рәсімінде Диана Өмірзақова.

Бұл шараға Лондондағы Google компаниясының инженері, Қызылорда «Білім-инновация» лицейінің және Назарбаев Университетінің түлегі Абзал Сереков те қатысты.

«Алғашқы жылдары бұл байқауда бір ғана категория болатын, қазір ол 7 санатқа өскен. 2016 жылы алғаш байқау басталған кезде 30-ға жуық команда болса, қазір 100-ден астам команда бар. Бұл сайыста барлық хакатондардан қыз балаларға арналғандары ең қызықты секілді. Қазіргі уақытта бүкіл әлем әйелдер робототехникасын жақсы дамытуды қалайды. Қазақстанда мен бұндай категорияны алғаш көріп тұрмын. Еліміздің дұрыс бағытта дамып жатқанына өте қуаныштымын. Мен жастарға бос уақытты әлеуметтік желілерге емес, білімге, өзін-өзі дамытуға жұмсауға кеңес беремін. Бұл жарыстарға жиі қатысу керек, олардың пайдасы мол. Себебі, олимпиадаға дайындалу кезінде бос уақытыңызды жұмысқа, білімге жұмсайсыз және бұл үлкен компанияларда жұмыс істегіңіз келген кезде көмегін тигізеді», - деді Абзал Сереков.

Сайыстың қорытындысы бойынша, алтын медальді Талдықорған, Тараз, Астана, Қарағанды, Көкшетау, Ақтау қалаларынан келген оқушылар иеленді.

Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы